ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ МЕН ПӘКІСТАННЫҢ ЛАХОР ҚАЛАСЫ БАУЫРЛАС ҚАЛА АТАНДЫ

Қазақстан мен Пәкістан сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Карачи және Исламабад қалаларында арнайы кездесулер мен келіссөздер жүргізуде.
Карачи қаласында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев, Пәкістан Ислам Республикасының сауда министрі Джам Камал Хан және ҚР Пәкістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафиннің бірлескен төрағалығымен, 300-ден астам бизнес өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өтті.
Іскерлік байланыс орнатып, ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін ұйымдастырылған шарада жалпы сомасы 70 млн АҚШ долларынан асатын төрт құжатқа қол қойылды. Екі ел компаниялары арасында екіжақты B2B және G2B кездесулері өтті.
Сондай-ақ, Исламабад қаласында екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында қолөнершілер қаласы атанған Түркістан қаласы мен Пәкістанның рухани және мәдени астанасы атанған Лахор қаласы бауырластық қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойды.
Лахор қаласы – Пәкістанның рухани және мәдени астанасы ретінде бүкіл әлемге танымал. Мұндағы халық саны бүгінде 13 миллионнан асады.
Қала аумағында бүгінге дейін жеткен Пәкістан халқының ғана емес, барша адамзаттың ортақ құндылығы саналатын бірегей сәулет өнері ескерткіштері, әлемдік мәдени мұра тізіміндегі тарихи нысандар бар.
Қазақстанның рухани орталығы, түркі әлемінің киелі ордасы, 1500 жылдан астам тарихы бар, Халықаралық деңгейде Қолөнершілер қаласы атанған Түркістан қаласы осыған дейін Әзербайжан Республикасының Шуша қаласымен, Түркия Республикасының Мальтепе, Үскідар, Зейтинбурну муниципалитеттерімен, Тәжікстан Республикасының Худжант қаласымен, Қытай Халық Республикасының Юэцин қаласымен бауырластық қатынас орнатқан болатын.
Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының Самарканд қаласымен, Қытай Халық Республикасының Чженчжоу, Ляочин, Линьань, Вэйнань қалаларымен достық ынтымақтастық қатынас бар.
Ресми кездесу барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен Лахор қаласының комиссары Саед Муса Раза алдағы уақытта жүзеге асатын мәдени-гуманитарлық, экономикалық және туристік салалардағы жобаларды талқылап, бұл келісімдер екі қаланың арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.