Среда, 30 апреля

ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР ЖАНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА

0
15
Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және оларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды. Жиында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндама жасады.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 11 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 1-топтағы мүгедектер – 989, 2-топта – 5101, 3-топта – 4755 азамат, ал 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны – 1637.
Өткен жылы 8179 мүгедектігі бар адам техникалық көмекші құралдармен және арнайы қызметтермен қамтылды. Биыл бұл көрсеткішті 9857 адамға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 211 азамат арнаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған.
Биылдан бастап «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы санаторлық-курорттық ем алу және міндетті гигиеналық құралдарды алу өтініштері проактивті форматта қабылдануда. Бұл ретте азаматтарға мобильді азаматтар базасы арқылы 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жолданып, өтініштер автоматты түрде тіркеледі.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдау шараларына техникалық құралдармен (протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар, арнайы жүріп-тұру құралдары, гигиеналық тауарлар) қамтамасыз ету және қызмет көрсету (ымдау тілі маманы, жеке көмекші қызметі, санаторлық-курорттық емдеу) кіреді.
Мәжілісте мүгедектікті белгілеу барысындағы кейбір күмәнді мәселелер де қаралды. Бұл бағытта арнайы талдау жүргізіліп, коррупциялық тәуекелдерді азайту мақсатында жаңа жобалар енгізілуде.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау және олардың қоғамға толыққанды араласуын қамтамасыз ету — тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың міндеті. Осы мақсатта “2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы” аясында жыл сайын қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген нысандар мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделетін болады.

Leave a reply