ТҮРКІСТАН: ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы бірқатар құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Аралау барысында қала басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударды.
Алдымен қала әкімі Тәуке хан және Тыныштықұлов көшелерінде шағын архитектуралық формаларды орнату жұмыстарының барысын тексерді. Жобалардың орындалуы мен қалалық инфрақұрылымға сәйкестігі бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.
Аралау барысында Әзімбек Пазылбекұлы Қабанбай батыр ескерткіші маңындағы абаттандыру жұмыстарының жағдайымен танысты.
Сондай-ақ, қаладағы жаңадан салынып жатқан Еділбаев мектебінің ойын алаңшасы мен негізгі құрылыс барысын қарап, білім беру нысанын сапалы әрі уақытылы пайдалануға беру қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, әкім С.Ниязов көшесінде орналасқан жабық стадион құрылысына барып, нысанның іске асу барысын бақылап, Ниязов көшесін абаттандыруға қатысты жоспарды мердігер мамандармен бірге талқылады.
Жалпы, 2025 жылы қала аумағында 9 ойын алаңшасын жаңарту және 10 жаңа нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар, заманауи талаптарға сай екі стадионның құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Нысандарды аралау барысында қала әкімі мердігер ұйымдарға барлық құрылыс және абаттандыру жұмыстарын сапалы, әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.