Өрелі ұстаз

Ұстаздық – тек мамандық емес, өмірлік миссия. Шөкеманова Гүлжан Бақтыбайқызы 1995 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетін тарих және педагогика мамандығы бойынша бітіріп, сол уақыттан бері шәкірттерін білім мен тәрбиемен сусындатуда. 30 жылдық еңбек жолын білім саласында өткізіп, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында тарих пәні мұғалімі қызметін атқарады.
Гүлжан Бақтыбайқызы – оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгерген үлгілі маман. Оның ізденімпаздық, еңбекқорлық, жаңашылдық қасиеттері әріптестерінің де, шәкірттерінің де құрметіне бөленген. Мұғалімнің шәкірттері қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, білім әлемінде өздерін танытып келеді.
Еңбек жолы бойында ол бірнеше мәрте марапатталды. 2013 жылдан бастап тарих пәні бойынша қалалық олимпиадалардың жүлдегері атанып, «Өрлеу» БАҰО филиалы мен ОҚО білім басқармасының алғыс хаттары мен грамоталарына ие болды. 2018 жылы «Жылдың үздік 100 мұғалімі» жобасына қатысып, грамота мен төсбелгіні жеңіп алды. 2022 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атағын алды, ал 2024 жылы «Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
Гүлжан Бақтыбайқызы шәкірттерінің білім деңгейін көтеруге ғана емес, олардың тұлғалық дамуына да ерекше көңіл бөледі. Оқушыларымен жұмыс барысында ол инновациялық әдістерді, заманауи білім беру технологияларын тиімді қолданады. Осының нәтижесінде оның тәрбиелеген оқушылары түрлі пәндік олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп жүр.
Шөкеманова Гүлжан Бақтыбайқызының ұстаздық жолы – қоғам үшін үлгі, шәкірттері үшін рухани бағдар, ал білім беру саласына қосқан үлесі – өлшеусіз. Мұндай ұстаздар арқылы білімнің шын мәніндегі құндылығы мен адалдығы келер ұрпаққа беріледі.












