Еңбек жолын адалдықпен өрнектеген азамат

Абдуллаев Сұңғат Нұржанұлы – жас болса да, қажырлы еңбегімен танылып, аймақтың экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан білікті басшылардың бірі. Ол 1988 жылдың 26 қыркүйегінде Шымкент қаласында дүниеге келді. Бала кезінен алғырлығымен, талапшылдығымен ерекшеленген Сұңғат Нұржанұлы болашақта ел экономикасына қызмет етуді мұрат тұтты.
2006–2010 жылдары ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қаржы» мамандығын меңгеріп, қаржылық сауатын жетілдірді. Ізденгіштігімен ерекшеленген ол білімін тоқтатпай, 2014–2015 жылдары «Мирас» университетінде магистратурада оқып, экономика және қаржы саласының теориялық әрі тәжірибелік қырларын терең меңгерді.
Еңбек жолын студенттік шағында-ақ бастаған ол тәжірибе жинақтау мақсатында әртүрлі қаржы ұйымдарында қызмет етті. «НК групп» микрокредиттік ұйымынан бастап, «ОРДА Кредит», «Арнұр Кредит», «Оңтүстік-Финанс» секілді мекемелерде менеджерліктен департамент директоры деңгейіне дейін өсуі – оның табандылығы мен адалдығының айғағы. Әр қызметінде ол сенімділік пен жауапкершілікті басты қағида етіп ұстанды.
2012–2013 жылдары «Ынтымак Құрылыс» ЖШС-інде басшылық жасап, құрылыс саласында да тәжірибе жинады. Кейіннен «СПК Шымкент» АҚ-та инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға атсалысып, өңірдің дамуына серпін берген жобалардың басы-қасында жүрді.
2015 жылдан бастап транспорттық-логистикалық аймақты басқару ісіне белсене кірісіп, аталған компанияда бас директор қызметін атқарды. Осы кезеңде ол өңірлік индустриялық-инновациялық даму жобаларын үйлестіруге зор үлес қосты.
2018 жылдан бері индустриалды аймақтарды басқару саласында еңбек етіп, «УК СЭЗ «Оңтүстік» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды. Бұл қызметінде ол аймақтағы өндіріс орындарының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерлікті қолдауға ерекше мән беріп келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасында айтылғандай, елге адал қызмет ету – ең үлкен абырой. Осы ұстанымды басшылыққа алған Сұңғат Нұржанұлы қай салада жүрсе де, адалдығымен, еңбекке деген берілгендігімен танылып келеді. Оның басты мақсаты – туған өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, жас буынға адал еңбектің үлгісін көрсету.
Қызметтік жолында жинақтаған мол тәжірибесі, басқарушылық қабілеті мен кәсібіне деген адалдығы Сұңғат Нұржанұлын Шымкент қаласының абыройын арттырып жүрген іскер азаматтардың қатарынан танытады.











