Понедельник, 9 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БАҒЫТЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛЫП ЖАТЫР

0
6

Түркістан облысында жалпы құны 130,3 млрд теңгені құрайтын 100-ге жуық инвестициялық жоба индустриалды аймақтарда жүзеге асырылып жатыр. Түркістан облысы тұрғындарының назарына өңірдің экономикалық және әлеуметтік даму жолындағы оң өзгерістері туралы анықтама ұсынамыз.

Өңірде өндірістік паркті құрудағы мақсат – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрақты жұмыс орындары ашылады.

Жалпы жоғарыда аталған жобалардың нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бұл үлкен көрсеткіш. Ал индустриалды аймақтарда жүзеге асып жатқан жобалардың көпшілігі құрылыс материалдары өндірісі, дайын металл өнімдері, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі бағыттарына бағытталған. 2024 жылы өңірлік үйлестіру кеңесі 18 инвестициялық жобаны мақұлдап, олар тиісті индустриалды аймақтарға енгізілді.

Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу жұмыстары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Қазіргі таңда жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, облыс қазынасына 2,1 млрд теңге салық түсті.

Әлеуметтік даму бағытындағы жұмыстар аймақ басшысының тікелей бақылауында. Сондай-ақ, арнайы мәжілістер өткізіліп, онда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлының төрағалығымен өткен мәжілісте «Turkistan» индустриалды аймақтарындағы жобалар мен олардың жүзеге асу барысы жан-жақты қаралды. Жиында әкім индустриалды аймақтарды кеңейту мен жаңадан құрылатын өндірістік алаңдарға инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

– Индустриалды аймақтар – аймақтың экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі, нәтижелі жүргізуді талап етемін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Сонымен қатар әкім индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи талаптарға сәйкестендіру қажеттігін де атап өтті. Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында, сондай-ақ Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Қазіргі уақытта тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – әрбір аудан мен қалада өндірістік алаңдарды қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікті дамытатын инфрақұрылым құру.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов мәжіліс барысында сала бойынша атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштерді баяндады. Жобалар аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармалар арасында тығыз үйлесімде жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, Соңғы 4 жылда қала экономикасына 1,3 трлн. теңге инвестиция тартылған. Алдағы 6 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 трлн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.

Басты стратегиялық мақсат алдағы жылдарға қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы.Халықтың табысын арттыру – басты назарда. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берудің маңыздылығын айтты. Тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жалпы Түркістан облысында бизнес климат қалыптасуда. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық арнайы экономикалық аймағы бар. Бұл аймақтарда инвестиция құны 190 млрд. теңге болатын 95 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асыруда. Оларды инфрақұрылыммен толық қамту жұмыстарына күш салынған.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Бизнесті мемлекеттің қолдауы аясында бюджеттен қаржысы қаралып, 18 нысан бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Сауран ауданы, Шаға ауылындағы өндірістік парктің электрмен жабдықтау және газ тарту нысандарының құрылысы аяқталды. Түркістан қаласында 310 га индустриалды аймақ аумағын кеңейту және инфрақұрылым тарту жұмыстары да аяқталуға жақын. Онда газ, су, кәріз құбырлары тартылып, 25000 метр жарық желілері жүзгізіледі. Өндірістік паркке 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Маңызды жоба толық іске қосылған соң, екі мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Бүгінде Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Кентау, Түлкібас, Бәйдібек және Ордабасы индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында өндірістік ғимараттар салынуда, 14 ғимарат іске қосылды. Облыста индустриалды және өндірістік аймақтарды кеңейту, газбен, сумен, электрмен, инфрақұрылыммен қамту және жаңа инвесторлар тарту жұмыстары жалғасады.

 

 

Leave a reply