Понедельник, 9 июня

ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАЙҚАЛАДЫ

0
6

Түркістан облысы бойынша 2025 жылы 1060 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға тапсыру жоспарланған. Өңір тұрғындарының бірқатарына көпқабатты тұрғын үйдің кілттері табысталып, бұл бағытта мәселе өз шешімін тауып келеді. Түркістандық тұрғындар назарына өңірде атқарылған жұмыстар жайында ақпарат ұсынамыз. Биыл өңірде көпқабатты тұрғын үй – 410,2 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үй көлемі 649,8 мың аршы метр болады деп күтілуде. Сәуір айының қорытындысымен өңірде 226,1 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға тапсырылды. Осы саладағы мәселелер облыс әкімінің жеке бақылауында. Осыған дейін облыс әкімі тұрғын үй бойынша жоспарланған құрылысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырып, инфрақұрылым, жер мәселесін, баспананы үйлестіру жұмыстарын жүйелеу керектігін айтқан болатын.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың сөзінше, тұрғын үй құрылысының жоспарына жету үшін жалпы бюджеттен 31,3 млрд. теңге қаралған. Оның ішінде кредиттік тұрғын үйдің құрылысына 13,8 млрд. теңге, арендалық үйлердің құрылысына 2,0 млрд теңге, арендалық үйлерді сатып алуға 15,5 млрд. теңге қаралған.

Осыған байланысты Түлкібас ауданында 48 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Бұл – мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдаудың нәтижесі.

Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты баспанамен, жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларының нәтижесінде қаншама отбасы баспаналы болып, жұмысқа орналасуда. Бүгінгі таңда Түлкібас ауданында тұрғын үй кезегінде 3250-ден астам азамат болса, соның ішінде бүгін 48 азамат жаңа баспанаға қол жеткізді. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы 7 баланы тәрбиелеп, өсіріп отырған алтынқұрсақты аналар да бар.
Айта кетейік, биылғы жылдың наурыз айында аудан орталығына қарасты «Нұршуақ» шағынауданында 56 жаңа пәтер кілттері үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталған болатын. Осылайша, биыл 104 түлкібастық жаңа баспанаға қол жеткізіп отыр.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 29 тұрғын үйдің (2078 пәтер) 4-еуі (160 пәтер) пайдалануға тапсырылды. Қалған 25 үйдің құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалған, биыл тамыз айына дейін кезең-кезеңмен пайдалануға беру көзделіп отыр. Кентау қаласындағы 5 қабатты 1 тұрғын үй, яғни, 60 пәтердің құрылыс-монтаждау жұмыстары 95 пайызға орындалған, маусым айында пайдалануға беріледі. Облыста 8 арендалық тұрғын үйдің (380 пәтер, 23,7 мың ш.м.) құрылысы іске асырылуда.

Биыл республика бойынша 5139 арендалық пәтер сатып алу жоспарланған. Оның ішінде, кезектегі азаматтардың үлесіне сәйкес, Түркістан облысына 578 пәтерге қаржы қаралған.

Жалпы Түркістан облысында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары күшейтіледі. Биыл бұл салада 160-тан астам жаңа нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Іске асырылатын жобалар бойынша нақты жоспар бекітілген.

Түркістан облысында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары күшейтіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл қорытындысымен барлық елді мекенді ауыз сумен қамту жоспарланған. Газдандыру, сапалы жарықпен және кәріз жүйесімен қамту бойынша жұмыстар қатаң бақылауда. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандардың инфрақұрылыммен қамтылуы маңызды.

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары сараланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға қатысты жауапты басқарма мен коммуналдық мекемелердің басшыларына және аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Сын-ескертпелер айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды. Барлық жұмыстарды тұрақты қадағалауды, коммуналдық мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында маңызды мәселелердің бірі инфрақұрылымды ретке келтіру болатын. Бүгінде Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар ауқымды істер қолға алынған.

Атап айтқанда, Сауран ауданына қарасты Құмтүйін елді мекенінде «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» атты игі іс-шара өтті. Ауданның 2005 жылғы мектеп түлектері бірігіп, бір отбасыға тұрғын үй салып берді. Қайырымды азаматтардың бұл бастамасы көпке үлгі бола білді.  Айта кетейік, бұл бастама 2024 жылы қолға алынып, алғашқы баспана берілсе, биыл – тағы бір отбасы қоныс тойын тойлап отыр. Жобаны жүзеге асырып жүрген азаматтар қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен қатар Түркістан қаласында биыл 944 пәтерлі 11 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жыл басынан бері жоспарға сәйкес, 4 үйдің құрылысы аяқталып, 348 пәтер өз иесін тапты. Бұдан бөлек, несие жүйесімен 2025 жылы жалпы 2 082 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

«Бүгінгі таңда, Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны – 17 058. Оның 6 487-сі – әлсіз топ мүшелері болса, 5 185-і – көпбалалы отбасылар, 181-і – тұл жетім санатындағылар. Сондай-ақ, 5 203 отбасы бюджет есебінен баспаналы болуға кезекте тұрса, 2 үй апатты жағдайда деп танылуына байланысты жаңа үй алу кезегіне тіркелген. Жаңа Заңға сәйкес, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап санатына қарамастан, соңғы 5 жылда атында тұрғын үйі жоқ азаматтар үй кезегіне тұру мүмкіндігіне ие бола алады. Сондай-ақ, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін үйлерді жекешелендiру туралы қағидаларына да бірқатар өзгерістер енгізілген. Жаңа өзгерістерге сәйкес, бірнеше санаттағы азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын баспаналарды өз меншігіне өтеусіз алуға мүмкіндік алып отыр» — деді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында «Отбасы банк» арқылы кредиттік жүйемен 2025 жылы жалпы 2082 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық «Отбасы банк» АҚ филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев айтты. Аталған тұрғын үйлерге өтініштер үй кезекте Түркістан облысы бойынша тұрған Банк салымшыларынан қабылданады. Қазіргі таңда аталған банк арқылы 1 016 пәтердің шаршы метрі 180 мың теңгеден болса, 1 066 пәтердің шаршы метрі 220 мың теңгеге бағаланып отыр.

Leave a reply