ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНДЕРІ БОЙ КӨТЕРУДЕ
Түркістан облысында халықаралық талаптарға сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы жүргізілуде. Аталғанжұмыстар облыс әкімінің жіті бақылауында. Өңірде спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында мәлімет ұсынамыз.
Көпфункционалды кешен ретінде салынып жатқан атшабар Халықаралық ат спорты федерациясының талабына сай бой көтеруде. Мұнда болашақта халықаралық жарыстарды өткізу көзделген. Атап айтқанда, Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілген конкур, үшсайыс және ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік тумақ. Облыс әкімі құрылысы жүріп жатқан нысандарға арнайы барып, жұмыс жүйесімен танысты.
Бұл нысанда 30-дан аса техника мен 71 адам жұмыс істеуде. Облыс әкімі нысанның құрылыс жоспарымен танысып, қолданылатын материалдары туралы мамандар пікірін тыңдап, жауапты басшылар мен мердігерге нақты міндеттер жүктеді. Содан кейін Нұралхан Көшеров халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылыс барысын қалағалады. Ғимараттарын аралап, сапалы материал қолдану әрі сәулетін келісті ету жөнінде тапсырма берді.
Бұл кешен елімізде ескек есу, академиялық есу спорт түрлерін, сонымен бірге туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының суару жүйесіне оң ықпалын тигізеді. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталды. Үш кезеңнен тұрады. Бүгінгі таңда үшінші кезеңнің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс алаңында 165 адам және 24 техника жұмылдырылған.
Кешенде 1000 орындық трибуна, қайықтар мен спорттық жабдықтарды сақтауға арналған эллинг ғимараты, төрешілер мұнаралары, аэрация және сүзу жүйелері, инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ көрермендерге арналған табло, көгалдандыру және абаттандыру элементтері қарастырылған.
Сонымен қатар Түркістан облысында спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр. Нысан 10 мыңнан астам тұрғыны бар Созақ ауылында іске асып жатыр. Себебі бұған дейін ауылда заман талабына сай спорт кешені болмаған. Қазір екі қабатты ғимараттың іргетасы құйылып, қабырғаларын қалау жұмыстары жүріп жатыр. Спорт кешеннің жалпы жобалық құны — 654 млн теңге. Тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі. Спортқа жауаптылардың айтуынша, жаңа спорт кешені 150 орындық. Мұнда волейбол, баскетбол, шағын футбол, бокс, еркін күрес, дзюдо, үстел теннисі сынды спорт түрлерімен шұғылдануға барлық мүмкіндік жасалмақ. Нысан биыл жыл соңына қарай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ауыл қариялары жаңа спорттық-сауықтыру кешені болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін орталық ғана емес, ауыл тұрғындарының да спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына сеп болатынын айтады.
Оған қоса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында заманауи спорт кешені ашылды. Жалпы Түркістан облысында спорт саласын дамытуға баса назар аударылуда. Соның бірі – Жетісай ауданы. Жетісай қаласындағы бокс, еркін күрес, үстел теннисі және қазақ күресі секілді спорттың 4 түрінен 200-ден астам жасөспірім шұғылданатын «Күлбала» спорт кешенін айтуға болады.
Соңғы рет 2019 жылы ішкі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген спорт кешенінің бүгінде шатырынан су ағып, қабырғалары үгітілуде. Одан бөлек, едендері мен жасөспірімдердің жуыну бөлмелеріндегі құрал-жабдықтар, жылыту қазандықтары мен терезелері ауыстыруды қажет етеді. Бұл жұмыстарға 16 млн теңге қажет екенін айтқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев орталықта жаттығатын жасөспірімдердің жетістіктеріне тоқталды.
Бөлім басшысының мәліметінше орталықта жаттығатын 23 спортшы бокс түрінен халықаралық, республикалық, облыстық және аймақтық жарыстардың чемпионы атанса, мүмкіндігі шектеулі 2 жасөспірім республика чемпионы, 1 спортшы қола жүлде иеленген. Ал еркін күрестен 3 спортшы халықаралық жарыстардың чемпионы атанған.
Айта кетейік, бүгінде аудан басшысының қолдауының нәтижесінде ауылдар мен елді мекендерінде заман талабына сай спорт ғимараттары, балалардың спорт алаңшаларын салу ісі қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облысымызға қарасты шалғай ауылдарда әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға басымдық берілуде. Мемлекет тарапынан спорт саласын дамытуға көптеп көңіл бөлініп келеді.
Спорт кешені қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда волейбол, баскетбол, күрес, бокс, дзюдо және басқа да жаттығу залдары бар. Жаңа нысандардың іске қосылуы ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, жастарды спортқа баулуға қызмет етеді. Заманауи үлгіде жабдықталған спорт кешенінде бір уақытта 100-ге жуық ауыл тұрғыны спортпен шұғылдана алады.