ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ МЕН КӨШЕЛЕРГЕ ҚҰРЫЛЫС-ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан – бүгінде ірі туристік орталыққа айналып келеді. Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Аталған жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың жіті қадағалауында. Ол Түркістанда құрылысы жүріп жатқан нысандардың жай-күйіне кезекті рет шолу жасап, жауапты басшылардың есептері мен ұсыныстарын тыңдады. Өңір тұрғындарына инфрақұрылым саласындағы өзекте мәселелер мен атқарылған жұмыстар жайында ақпарат ұсынамыз.
Атап айтқанда, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 678 шақырым болса, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар – 3983 шақырым. Елді мекен көшелері 11305 шақырымды құрайды. 2025 жылы облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 283 нысан немесе 1181,2 шақырым жол мен көшелер қамтылуда. Жыл қорытындысымен 222 нысан немесе 929,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуде.
Биыл облыстық маңызы бар жолдарға 19,6 млрд. теңге бөлініп, 24 нысан немесе 225,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Жыл қорытындысымен 17 нысан (7 көпір) немесе 111,8 шақырым жол пайдалануға беріледі. Аудандық маңызы бар жолдарға 3,1 млрд. теңге бөлініп, 24 нысан немесе 130,7 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Биыл 12 нысан немесе 49,3 шақырымы пайдалануға беріледі. Елді мекен көшелеріне келсек, 235 нысан немесе 831,2 шақырым жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін 193 нысан немесе 774,4 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 140 елді мекенде 90 нысан (347 көше) немесе 391,8 шақырым көше жөндеу жұмысымен қамтылуда. Жыл соңына дейін 87 нысанды пайдалануға беру көзделген. 2025 жылдың қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға жеткізу жоспарланған.
Мәжілісте осы саладағы жұмысқа кері әсерін тигізіп жатқан факторлар зерделеніп,жауаптыларға мемлекеттік сатып алу жұмысын жеделдету, битум шығаратын зауыттардың жұмыс қарқынын түсірмеу, мердігерлердің жұмысын бақылап, жол сапасын жақсарту, айналма жолдардың құрылысын үйлестіру жөнінде тиісті міндеттер жүктелді.
Осы ретте Түркістан теміржолы бойында екі жолаушылар көпірі салынып жатыр. Облыс әкімі солардың бірінде болып, құрылыстың сапасын бақылалды. Мердігер мен техникалық қадағалаушыға сын-ескертпе айтып, жұмыс сапасын жақсартуды тапсырды. Сондықтан теміржол бойында да тұрғындарға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сонымен қатар Түркістандағы теміржол вокзалы маңында жолаушылар көпірлері салынуда. Жоспар бойынша осы аумақта шахмат алаңы, аяқжол, орындықтар мен урналар, қоршау орнату көзделген. Сонымен бірге көгалдандыру жұмыстары күшейтілмек.
Жауапты басшыларға осы құрылысты қадағалап, талапқа сай етуді міндеттеді. Аталған көпірлердің біреуінің ұзындығы 117 метр болса, екіншісінің ұзындығы 46 метр болады деп жоспарланған. Құрылысты биыл аяқтап, нысанды ел игілігіне тапсыру көзделіп отыр. Қаржысы бөлінген.
Жалпы өңір орталығында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазыбек би және О.Жарылқапов көшелері аралығындағы жол құрылысы жұмыстарына тоқталсақ. Мүнда жолдың ұзындығы – 2,5 шақырым, төрт жолақты. Құрылысы қарқынды жүруде. Қаржысы толық бөлінсе, биыл аяқталады. Тәукехан көшесін жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Ұсақ түйіршікті асфальт төселіп, аяқжолдар салынады. Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жұмыстары қарқын алған. Жолдың ұзындығы – 7,4 шақырым, 4 жолақты. Тапсырыс беруші – қала әкімдігі. Жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бүгінде 3 463 412,3 мың теңге игерілген. Толық қаржыландыру күтіліп отыр. Бұл жол салынған соң «Бекзат» шағынауданының тұрғындарына өте қолайлы болмақ. Қала орталығындағы жол жүктемесі де азаяды. Облыс әкімі жол жөндеу саласындағы жұмыстар бойынша қала әкімі мен жауапты орынбасарларының есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Мәселелер бақылауға алынды.
Айта кетейік, биыл Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Биыл аудандық маңызы бар жолдарға – 2,6 млрд. теңге бөлініп, 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Атап айтсақ, елді мекен көшелері бойынша 197 жоба н/е 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 98 елді мекенде жалпы 131 нысан немесе 482,5 шақырым көше жөндеуден өткізілуде. Жыл қорытындысымен 104 нысан (365 көше) немесе 325,2 шақырымы пайдалануға беріліп, индикатор көрсеткіші 70%-дан 74%-ға жетеді.