Понедельник, 9 июня

ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

0
6

Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік нысандармен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған бағытта өңірде атқарылған жұмыстар туралы облыс тұрғындарының назарына ақпарат ұсынамыз. Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 182 елді мекенде 213 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 30,1 млрд теңге бөлінді. Оның 57-сі өтпелі, 156-сы – жаңа жобалар. Бір жылда 154 жоба жүзеге асырылып, қаржының 99,2 пайызы игерілген. «Ауыл – Ел бесігі» жобасына қатысты жоспарлар мен мәселелер облыс әкімдігінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.

– Аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшылары «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын уақтылы өткізіп, жұмысты үйлестірулері керек. Нысандардың құрылысы жылдам басталып, уақтылы аяқталуы тиіс. Осыған мән беріңіздер. Кемшілікке жол бергендердің қызметтік жауапкершілігі қаралады. Аталған жоба бойынша әр аудан әкімінің екі-үш жылға арналған жоспары әзірленуі қажет. Ауылдар мен елді мекендер зерделеніп, халыққа аса қажетті әрі өмір сапасына тікелей әсер ететін жобалар жүзеге асырылсын, – деген Нұралхан Көшеров жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған әкімдердің есептерін тыңдап, тиісті міндеттер жүктеді.

2024 жылы атқарылған жұмыстар нәтижесінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 4 мәдениет үйі, 4 спорт нысаны, 1 мектептің қосымша оқу корпусы салынса, 20 электрмен жабдықтау, 12 газбен қамтамасыз ету нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілген. Оған қоса 4 мектеп, 4 мәдениет үйі, 3 ауыз су нысаны күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ жол жөндеу саласында 102 жоба іске асырылып, 339 ішкі көше (330 шақырым) орташа жөндеуден өткізілді. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылған. 2025 жылы 139 жобаны (85 жаңа жоба, 54 өтпелі) іске асыруға бюджеттен қаржы бөлу жоспарланды. Жобаларды іске асыру барысында мыңнан аса жаңа жұмыс орнын (250 тұрақты, 833 уақытша) ашу көзделген. 2025 жылға 85 жаңа жобаларды іске асыруға 13,3 млрд теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 503,9 мың халық тұратын 140 елді мекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы жақсарады.

Сонымен қатар биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 142 елді мекенде 140 жобаны (54 – өтпелі, 86 – жаңа жобалар) іске асыруға 21,8 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, осы қаржы арқылы 7 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 17 спорт нысанының құрылысы және 1 спорт мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. 10 мәдениет нысаны салынып, 6 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен бірге 2 ауыз су нысаны күрделі жөндеуден өтіп, 7 электр қуатымен жабдықтау нысанының құрылысы жүреді. 90 жоба ішкі көшелерді орташа жөндеуге бағытталған.

Сондай-ақ, өңірді ауыз сумен қамту және «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру мәселелері де талқыланды. Түркістан облысындағы қалалар ауыз сумен толық қамтылса, ауылдардың қамту көрсеткіші жыл сайын ұлғайып келеді. Арыс, Шардара, Ленгір, Сарыағаш қалаларындағы ауыз су жүйелерін реттеу мәселесі айтылып, тиісті ұсыныстар берілді. Ауыз сумен қамту бойынша облыста 63 жоба жүзеге асырылуда. Оның 7-еуі қалада болса, 56 жоба ауылдарда жүзеге аспақ. Биыл 36 жоба жүзеге асып, 30 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылса, 7 елді мекеннің су құбырлары жаңартылады. 2 елді мекенге су құбырлары салынады.

Облыста «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 29 мектептің құрылысы жоспарланса, бүгінде 13 мектеп тапсырылған. 9 мектепте оқу процесі басталған. Биыл қалған 16 мектеп тапсырылады деп күтіліп отыр. Білім ұяларының құрылысы облыс әкімінің қатаң бақылауына алынған. Мектептерді білікті басшылармен және ұстаздармен қамту жұмысы да назарда тұр. Жалпы Түркістан облысында «ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бір жылда 154 жоба жүзеге асты.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуы тұрақты бақылауда. Мемлекеттік бағдарлама аясында аймақтағы ауылдардың ажары кіріп, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салалары нысандары жаңарып, жөнделуде. Ауыз су, жарық, табиғи газ, көлік инфрақұрылымы және жылумен қамтамасыз ету салалары бойынша құрылыс, қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің баяндауынша, білім саласында бір нысан жаңадан салынып, екі нысан күрделі жөндеуден өтеді. Әлеуметтік салалар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қосымша 42 елді мекендегі 200-ден астам жобаға ұсыныс беріліп, қолдау тапты. Нәтижесінде Келес ауданында жаңа мектептің құрылысы басталып, Түлкібас ауданында жаңа медициналық мекемелер мен үш ауылдағы ауыз су жүйелері жаңартылмақ.  «Ауыл – Ел бесігі» жобасының мақсаты – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Маңызды жоба аясында ауылдарда жолдар жөнделіп, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында 1,1 млрд. теңгеге 10 жобаның құрылысы жүргізілді. Білім саласында 5,4 млрд. теңгеге 34 жоба бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмысы атқарылды.

Мәдениет пен сапорт салаларында 4 млрд. теңгеге 20 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында 3 млрд. теңгеге 21 жобаның құрылысы басталып, ағымдағы жылы халыққа пайдалануға беріледі. Облыста жол мәселесі өзекті екендігін ескере отырып, 4,4 млрд. теңгеге 168 жоба іске асырылды.

Облыста мектептерді білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда білім беру саласы мамандарына «Дипломмен –ауылға» жобасы аясында 100 АЕК мөлшерінде (306,3 мың теңге) біржолғы жәрдемақы және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген кредит түрінде әлеуметтік қолдау қарастырылған. «Дипломмен – ауылға» жобасы іске асырылғаннан бері жалпы 11595 маманға 2,1 млрд. теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы ұсынылған. Оның 7911-сі – мұғалімдер. Сондай-ақ 11,6 млрд. теңге көлемінде бюджеттік кредит ұсынылып, нәтижесінде 3573 маман баспаналы болды, оның ішінде 2 265 білім саласының өкіліне қолдау көрсетілген. Алдағы уақытта өңірімізге қажетті мұғалімдер санын анықтап, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында ұсынылатын қолдау шаралары мөлшерін ұлғайту бойынша ұсыныс енгізілмек.

 

Leave a reply