
– Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, берік негізде қалыптасуда. Өткен жылдың соңында Хубэй провинциясына сапарым барысында өзіңізбен кездесіп, бірқатар жобаны іске асыру жайын талқылаған едік. Сіздің бүгінгі сапарыңыз Ухань қаласында басталған конструктивті диалогтың және өзара сенімге негізделген серіктестіктің нақты жалғасы деп білемін. Өңірдің кадрлық әлеуеті жоғары. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Өңіріміз тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін логистикалық торап ретінде қалыптасуға толық әлеуеті бар. Бұл ретте, авиациялық жүк тасымалын дамыту, әуежай аумағында техникалық қызмет көрсету орталықтарын орналастыру, тұрақты халықаралық жүк бағыттарын ашу, өңірде заманауи логистикалық парктер құру, жүк сақтау, сұрыптау, тарату және қайта өңдеу бағытындағы инфрақұрылымды қамтитын кешенді бірлесіп дамытуға дайынбыз. Бұдан бөлек, бірлескен индустриалды аймақты құру екіжақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тиімді екенін атап өткен жөн. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, іскерлік серіктестік құруға, ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастық орнатуға әзірміз, – деген облыс басшысы әкімдік тарапынан барлық мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетінін жеткізді.