ТҮРКІСТАН: МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАЙҚАЛАДЫ

0
114

Түркістанда мәдениет және өнер қызметкерлері күніне және Халықаралық музейлер күніне орай «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалы «Ұлы Дала Елі» орталығымен бірлесе «Кәсіподақ және жұмысшы мамандық» жобасы аясында музей саласы бойынша «Үздік жұмысшы маман» облыстық байқауын ұйымдастырды.

Аталған байқау музейге келушілерге заманауи қызмет көрсету шараларын жақсарту мен музей саласы мамандарының жұмыстарына қолдау көрсету, олардың іс-тәжірибелерін насихаттау мақсатында өткізіледі. Байқауға өңіріміздегі музейлерден 12 музей қараушы маман қатысты. Байқауды Түркістан облыстық филиалының төрағасы Асылхан Темірхан ашып беріп байқаудың мақсатын түсіндірді.

Жалпы облыс бойынша 704 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Оның 681-і аудан-қала әкімдіктеріне, 23-і мәдениет басқармасына қарасты. Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай. Облыс аумағында 1780 тарихи және мәдени ескерткіші орналасқан. Оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 40 республикалық маңызы бар ескерткіш, 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 1336 алдын ала тізімдегі нысан бар.

Байқаудың қорытындысы бойынша «Ұлы Дала Елі» орталығының арнайы жүлдесімен Нұржан Куленов Арыс қаласының музейі, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесімен Каусар Жуматаева Ордабасы аудандық тарихи-өлкетану музейі марапатталды. ІІІ орын екі үміткерге берілді Айнұр Садуова Қазығұрт аудандық музейі, Роза Тажикова Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі, Отырар ауданы, ІІ орын Эльвира Асқарова «Әзірет Сұлтан» Ұлттық мәдени- қорық музейі, І орын Алуа Сағат Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі, Ордабасы ауданы, Бас жүлде «Ұлы Дала Елі» орталығының маманы Күлзия Құлмаханбетоваға берілді. Қалған қатысушылар ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Музей тазалығы мен экспонаттардың қауіпсіздігіне жауап беретін зал қараушы мамандардың жұмыстарына береке мен еңбектеріне табыс тілейміз! Сонымен қатар Түркістан облысында тұлғаларды дәріптейтін музей құрылды. Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына орай Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Ұлы дала елі» орталығына қарасты «Нұртас Оңдасынов атындағы музей» филиалы жеке музей ретінде «Тұлғалар музейі» атауымен қайта құрылды.

Басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев «Тұлғалар музейі» КММ-нің директоры қызметіне Ұлбосын Орынбайқызын тағайындап, қызметіне сәттілік тіледі. 2008 жылдан бастап музей саласында қызмет атқарып келген ол 1969 жылы 18 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген. 2012-2025 жылдары Нұртас Оңдасынов музей филиалының меңгерушісі қызметін атқарған. 2025 жылы елімізде объектілерге атау беру жұмысы уақытша тоқтап тұруына байланысты біртуар тұлғаның атауын музейге беру әзірге мүмкін болмай тұр. Жол картасы бекітіліп, объектілерге атау беру рұқсат берілген соң бұл жұмыс бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Айта кетейік, 2004 жылы Нұртас Оңдасыновтың 100 жылдық мерейтойына орай ашылған музейде ХХ ғасырдағы қазақ ұлтынан шыққан аса көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің, ұлтымыздың тарихында өзіндік орны бар асыл азамат, өз заманының дара тұлғаларының бірі, лингвист, жазушы, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың ұлттық тарихи мұралары, жәдігерлері, өмірнамалары, қолжазбалары, жеке басының пайдаланған заттар жинастырылып, арнайы экспозициялар жасақталған.

Сонымен қатар Түркістанда 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шара өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, сала қызметкерлерін құттықтады. Жиын барысында елдің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар мәдениет қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.

Өңір басшысы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директор орынбасары Нұрлан Дүкенбаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалін, «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айгорим Мусагажиноваға және «TURKISTAN SILK WAY HARBOR» ЖШС-нің бөлім меңгерушісі Махсад Халметке «Шапағат» медалін, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әртісі Айжан Ахмухановаға табыстады. Сондай-ақ бір топ өнерпаз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев те мәдениет өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады. Алдымен қонақтар арнайы жасақталған кітап көрмесін тамашалады. Мерекелік шарада мәдениет саласындағы жетістіктер туралы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Түркістан музыкалық драма театрының әртістері музыкалық-хореграфиялық қойылымды сахналады. Кеш барысында қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ғазизхан Шекербеков, «Сарын» тобы, «Фараб» би ансамблі, «Саялы Сарыағаш» ансамблі, «Жаңа леп» ұжымы және тағы басқа облыс таланттары өнер көрсетті.

Түркістандағы халықаралық әуежайда музей күніне орай көрме ұйымдастырылды.  Халықаралық музейлер күніне орай Түркістан халықаралық әуежайында «Ұлы Дала Елі» орталығы Pop-Up форматында «Ырысты ыдыстар» атты көрме ұйымдастырды. Экспозицияда музей қорындағы түрлі материалдан жасалған ұлттық ыдыстар ұсынылды. Қазақ халқының қолөнері – ұлттық мәдениет пен дүниетанымның көрінісі. Ағаштан, теріден және металдан жасалған ыдыстар – тек тұрмыстық құрал ғана емес, ата-бабаларымыздың өмір салты мен эстетикалық талғамының айғағы. Мыс қазандар мен табақтар – көпшілікке ас әзірлеу мен тартуға арналған. Жез легендер мен құмандар – тазалық пен тұрмыстық мәдениеттің белгісі. Күміс ыдыстар – шебер зергерлердің қолынан шыққан өнер туындылары, әрі шипалық қасиеті бар деп есептелген. Бұл бұйымдардың әрқайсысы – тарихпен өрілген рухани мұра. Музей күніне арналған өзге де мәдени іс-шаралар жалғасып жатыр. Күндіз қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары, «Винил пластинкалары» көрмесі, «Бір жәдігер – бір тарих» көрмесі – қоғамдық көліктерде, «Шәй сиқыры: дәмнің жаңа қырларын ашу» көрмесі өтіп жатыр. Ал кешкісін «Ұлы Дала қазынасы» квест-ойыны мен «Музей – өнер мен руханият ордасы» мерекелік кеш өтеді.

Leave a reply