Воскресенье, 15 июня

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫН ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

0
22

Сауран ауданы – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамып келе жатқан жаңа аудандарының бірі. Ауданда инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және өңірлік экономиканы нығайтуға бағытталған. 2025 жылдың І жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.

Ағымдағы жылы округте инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Ауыз су жүйесі жаңартылып, тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таба бастады. Сонымен қатар, білім беру саласында да оқушылардың қауіпсіз және қолайлы ортада білім алуына жағдай жасау бағыты талқыланды.

Кездесу барысында тұрғындар ауыз су, жарықтандыру, интернет байланысы және білім сапасы бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бұл мәселелер аудан әкімдігінің бақылауына алынып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді. Алдағы кезеңде Үшқайықта инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарын көбейту, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және білім беру жүйесін нығайту бағытында нақты жоспарлар жүзеге асырылады. Ауданда Шорнақ елді мекенінде 200 орындық орталық аудандық аурухана, 500 орындық мәдениет үйі және жаңа спорт кешенінің құрылысы жоспарланған. Қазіргі уақытта осы нысандардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Сонымен қатар, Шаға ауылдық округінде 30 гектар жерге өндірістік парк салынып жатыр. Мұнда 29 жоба жүзеге аспақ, оның ішінде 10-ы – дайын инфрақұрылымы бар өндірістік алаңдар (браунфилдтер). Қосымша 70 гектар аумақта да өндірістік аймақты кеңейту жоспарланған. Сауран ауданындағы 31 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылған. Қазіргі уақытта Ойық елді мекенінде жаңа сумен жабдықтау жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Электрмен жабдықтау саласында 53 трансформатор орнатылып, 102 баған ауыстырылды. Сонымен бірге, 17 шақырым электр желісі жаңартылды.

Ауданда газбен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Үшқайық ауылдық округіндегі 4 елді мекенге газ берілді. Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтеріне қарасты 6 елді мекенге газ жүйелері тартылып, Қарашық, Жүйнек, Оранғай, Шорнақ және Қосмезгіл елді мекендерін де газбен қамту жоспарланған. Байланыс саласында мобильді операторлар (Билайн, Актив, Теле2, Алтел, Кселл) қамту аймағын кеңейтіп, интернет сапасын жақсарту мақсатында жаңа қондырғылар орнатылуда. Білім беру саласында 61 мектеп жұмыс істейді. Мұнда 25 643 оқушы білім алады, олардың 9 252-сі ыстық тамақпен қамтылған. Барлық мектептер бейнебақылау жүйесімен және ішкі әжетханамен жабдықталған. 25 мектептің бейнекамералары жедел басқару орталығына қосылған, 18 мектепте мамандандырылған күзет бар.

Денсаулық сақтау саласында 1 аудандық емхана, 5 бастапқы медициналық көмек орталығы, 10 дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшерлік-акушерлік пункт, 3 медициналық бекет және 4 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, 500 келушіге арналған жаңа емхана салу үшін жоба дайындалып жатыр. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 31 ішкі көше мен облыстық бюджет есебінен тағы 2 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң аудан жолдарының қанағаттанарлық жағдайы 88%-ға жетеді.  Сауран ауданында инфрақұрылымды дамыту бағытындағы кешенді шаралар табысты жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар аудандағы экономикалық, әлеуметтік және тұрмыстық жағдайды едәуір жақсартып, болашақтағы тұрақты даму негізін қалап отыр.

Ескі Иқан ауылдық округіне қарасты Мәшһүр Жүсіп елді мекенінің тұрғындары ауыз судың сапасына алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселені шешу үшін жергілікті билікке жүгінді. Қазіргі уақытта мұнда 120 үй орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Алайда су сапасына қатысты түскен шағымдардан кейін аудан әкімдігі шұғыл әрекетке көшті. Мәселені шешу үшін су жүйесіне арнайы тазалағыш фильтр орнатылып, ауыз судың сапасын арттыру жұмыстары жүргізілді. Қазірдің өзінде сүзгіден өткен су тұтынуға жарамды күйде тұрғындарға берілуде.

Жобаның тапсырыс берушісі — Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС жүзеге асыруда. Техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелер ретінде «Тұран құрылыс» ЖШС мен «ЖОББЕСТПРОЕКТ» ЖШС бекітілген. Мақсат Таңғатаров ауыл инфрақұрылымын дамыту — аудан әкімдігінің басым бағыттарының бірі екенін айта келе, бұл жоба тұрғындар үшін аса маңызды екенін жеткізді.

 

Leave a reply