ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОТУРИЗМ БАҒЫТЫ ДАМЫП ЖАТЫР

0
97

Түркістан облысы еліміздегі ең бай табиғи ресурстарға ие өңірлердің бірі. Соңғы жылдары мұнда экотуризм, яғни табиғатпен үндестікке негізделген туризм түрі ерекше қарқынмен дамып келеді. Облыс табиғатты сақтай отырып, туристерге танымдық, белсенді және емдік бағыттарда қызмет ұсынатын маңызды экологиялық бағыттарға айналуда. Мұндағы қорықтар мен парктер, таулар мен көлдер, жануарлар әлемі мен ерекше өсімдіктер экологиялық туризмге қызығатындар үшін таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар, экотуризм ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде.

Бұл бағытта Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Арыс ауылдық округінде экотуризмді дамытуға бағытталған «ALTY KÖL» жобасы бастау алды. Ғабит Пернебаев есімді жеке кәсіпкер өзіне тиесілі 10 гектар жердің 5 гектарына 6 жасанды көл жасап, қалған 5 гектарына ауданда сирек кездесетін сәнді ағаштар, қауын қарбыздың түр-түрін, жүгері, алма бауын отырғызған. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған 6 көлдің екеуіне кәсіпкер балық шабақтарын жіберіп қойған. Біріне 10 мың дана хан (форель) балығының шабақтарын жіберсе, екінші тоғанға бекіре балығының шабақтарын жіберген. Алдағы уақытта қалған көлдерді де қамтуды көздеп отыр. Еңдігі кезекте кәсіпкер жасыл желекке оранған аймақты абаттандыруды қолға алып, демалыс аймағына айландыруды көздеп отыр. Яғни, бұл жерде кәсіпкердің айтуынша этноауыл, амфитеатр, шағын зообақ, демалыс үйлері, спорт алаңдары мен атпен серуендеу қызметі және т.б. түрлі қызмет түрлері демалушыларға ұсынылмақ. Аталған жобаның идеясын кәсіпкер Австрия елінен алғызып, сызбасын Ресей еліндегі білікті мамандарға сыздырған. Аталған шаруашылыққа аудан әкімі Асқар Естібаев, аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Ғани Құрманбай арнайы барып, жобамен етене танысып, кәсіпкердің тың бастамасына сәттілік тіледі.

Мемлекеттен қолдауларды ұсынған аудан басшысы бүгінде балық шаруашылығын бастап отырған кәсіпкерге оның жемінің 30 пайызын субсидиялауды ұсынып, сүйемелдеу бойынша жауапты орынбасарына нақты тапсырмалар берді. Айта кетерлік, биыл Түлкібас ауданында бұдан бөлек туризм саласын дамытуға бағытталған жалпы құны 4,4 млрд. теңгені құрайтын 3 ауқымды жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оларда 220 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Түркістан облысында туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Аталған бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде арнайы қаралды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың туристік мүмкіндігі толық қолданылмай тұрғанын айтып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

– Туризм саласы бойынша бекітілген идикаторлар орындалуы тиіс. Жұмысты ширатыңыздар. Облыстағы туристік нысандарды ретке келтіруді, туризм саласын дамыту мақсатында нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын тез арада бекітуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарлануда.

Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады. Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын. 2025 жылы Италия нарығынан 24 топ (әр топта орташа есеппен 20-25 турист) Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен келеді деп күтіліп отыр.

Аймақта туризмді дамыту жұмыстары жалғасады.

 

Leave a reply