ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 100-ГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысы — инвестицияға тартымды аймақ. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, шетелдік ірі инвесторлармен белсенді ынтымақтастық орнатылуда. Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 130,3 млрд теңге болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Жыл басынан Түркістан облысының экономикасына тартылған инвестиция көлемі 7 жылда 4,2 есеге артып, 1335,0 млрд.теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 314,1 млрд. теңгені құраған болатын. Ал жыл басынан бері аймаққа 387,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде, жеке инвестиция көлемі 199,3 млрд.теңге болса, бюджеттік инвестиция – 128,7 млрд. теңге. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 144,2 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 245%-ға артығымен орындалды.
Облыста инвестиция көлемі тұрақты өсуде. 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 трлн. теңгеге 110 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Нәтижесінде, 19 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Жалпы құны 321,8 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 6 908 жаңа жұмыс орнын ашылмақ.
Түркістан облысында бизнес форумдар тұрақты түрде ұйымдастырылып, өңірдің инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылуда. Сонымен қатар шетелдерге ресми сапарлар арқылы маңызды жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Соның нақты нәтижесі ретінде Созақ ауданында фосфорит кенін өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 140 млрд теңге. Қуаты – жылына 1,6 млн тонна. 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жақында Түркістан облысы делегациясының Қытайға жасаған сапары барысында туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар келісім жасалды. Сондай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» ІІ форумында қытайлық инвесторлармен 5 ірі жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бастамалар – өңірдің тұрақты дамуына серпін беретін нақты қадамдар.
Аталған жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен іске асырылып жатыр. Бүгінде жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, 2 млрд теңгеден астам салық облыс бюджетіне түсті.
Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында және Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Бұдан бөлек, тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа өндірістік алаңдар арқылы әрбір аудан мен қалада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі мақсат.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы жаңа индустриалды аймақтардың құрылысымен танысты. Атап айтқанда, Иассы, Қарашық және Жүйнек ауылдық округтерінде өндіріс алаңдары салынуда.
2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.
Тек Иассы ауылдық округінде орналасқан өндірістік алаңның өзінде 24 жоба іске қосылуға дайын. Аумағы 9 гектар болатын бұл алаңда жиһаз өндірісі, спорттық құрал-жабдықтар, жол белгілері, тігін шеберханалары, қағаз өнімдері цехы сынды кәсіпорындар жұмысын бастайды. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, жаңадан 600-ден астам жұмыс орны ашылады.
– Индустриалды аймақтар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Өндірістік аймақтарды аралау барысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті.













