Түркістан облысының экспорттық дамуы — сауда айналымының ұлғаюы, индустриалды жобалардың іске қосылуы және ЕАЭО нарықтарына белсенді қатысуымен сипатталады. Аймақтың экспорттық әлеуеті жылдан жылға артып келеді, әрі агроөндіріс пен өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобалар халықаралық нарықтарға бағытталғанын көрсетеді. Мәселен, Сайрам ауданында 40 млрд теңгеге агроөнеркәсіп кешені салынып, өнімдері шетелге экспортталатын болады. Кентау қаласында 22 млрд теңгеге құрылыс материалдары зауыты іске қосылды, оның өнімдері де экспортқа бағытталған. Осы бағытта Түркістан облысында Үкіметтің инвестициялық жобалардың тізімін жасақтау жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімінің қадағалауымен елге кіріп жатқан импорт тауарларына талдау жүргізіліп, импортты азайтып, экспортты ұлғайту жұмыстары жандана түсті. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығында терең өңдеуге басымдық беріп, отандық нарықты қамту керектігін айтты.
– Жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығында Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Барлық саланы терең зерделеп, мүмкіндігімізге сай келетін бағыттар бойынша жобалар мен жоспарлар әзірлеңіздер. Дамытатын салаларды қаржыландыру бойынша нақты ұсыныстар қажет. Импортты азайтып, отандық нарықты қамтып қана қоймай, кейбір салалар бойынша экспортты ұлғайтуға да мүмкіндік бар. Жұмысты жандандыру керек, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, импортты алмастыратын 6 сала, 31 өнім бойынша талдау жүргізілген. Аталған салаларда импортты алмастыратын 65 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде, 28 инвестициялық жоба 2025 жылы, 26 инвестициялық жоба 2026 жылы және 11 инвестициялық жоба 2027 жылы іске асады деп жоспарланған. Инвестициялық жобалардың жалпы құны – 707 млрд. теңге. Жоба саны мен қаржы көлемі ұлғаяды.
Жобалардың бірқатар ірілеріне тоқталсақ, Түркістан облысының өндіріс орындары алдағы уақытта алюминий профильдерімен елімізді толық қамтымақ. Сонымен бірге жиһазбен де отандық нарықты қамтып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бар. «Жасыл Суық Қазақстан» компаниясы толық қуатына енгенде өнеркәсіптік тоңазытқыштар құрылғылары импорты көлемін 48 пайызға төмендетсе, алдағы уақытта іске қосылатын зауыт арқылы елімізді сыртқы бейнебақылау камераларымен толық қамту көзделіп отыр. Кептірілген көкөніс шығару, жеміс-жидекті терең өңдеу, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару, жылу құбырларын шығару және өзге де салалар бойынша импортты төмендету бойынша жобалар жүзеге асады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, өңірдің импортқа тәуекелділігін төмендету бағытында агроөнеркәсіптік кешенінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан негізгі 10 бағыт айқындалған. Сүтті терең өңдеу, ет экспортын арттыру бойынша жаңа кәсіпорындар ашылып, жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен бірге алдағы уақытта құс шаруашылығын дамыту, көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар күшейтілмек.
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд.теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру көзделуде. 7 мың жұмыс орны ашылады. Жоба шеңберінде мақта өңдеудің толық циклін қамтитын, құны 147 млрд. теңгені құрайтын 10 ірі зауыттың құрылысы басталды (4 мақта өңдеу зауыты, 4 тоқыма фабрикасы, 2 тамшылатып суғару өндірісі). Бүгінгі таңда тамшылатын суғарудың ПВХ құбырын шығаратын 1 зауыттың құрылысы бітіп, жұмыс істеуде. Биыл 3 зауытты (Отырарда 2 мақта өңдеу зауыты, 1 тамшылатып суғару ленталар өндірісі) және 2 тоқыма фабрикасын (Түркістан қаласындағы жіп иіру және тоқыма емес материалдар өндірісі) іске қосу жоспарланған. Жобалардың толық іске асыру нәтижесінде суды 3-4 есе үнемдеп, мақта өнімділігін 2 есе арттыруға және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда өңірде ет экспорты қарыштап дамып жатыр.Өңірде австралиялық мал шаруашылығы әдісі бойынша жалпы құны 55,2 млрд теңгені құрайтын бес ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Кайып Ата» ЖШС-нің үш инвестициялық жобасы бар. Мәселен, 2025 жылы Арыста компания 25 мың бас ірі қара мал бордақылау кешенін іске қосады. 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында қуаттылығы 1500 бас ірі қара мал сою және өңдеу кешені мен мал биржасы іске қосылады.
«Өңір ет экспорты бойынша Қазақстанда көшбасшы болып табылады, облыс үлесіне экспортталатын ІҚМ етінің 80% және қой етінің 75% тиесілі. «Туран Агро Ет-Сут» және «Кайып Ата» ірі кәсіпорындары етті Өзбекстанға, Иранға және Тәжікстанға экспорттайды. Атап айтқанда, «Кайып Ата» Тәжікстанмен 110 тонна ет экспортына келісімшарт жасасты, жеткізілім басталды. Айта кетейік, Түркістан облысында 1,1 млн бас ірі қара, 5,3 млн қой, 474,7 мың жылқы, 43,9 мың түйе және 2,2 млн бас құс бар. Жеті айда облыста 112,8 мың тонна ет, 280,2 мың тонна сүт және 143,6 млн жұмыртқа өндірілді. Облыста ІҚМ үшін 9183 бордақылау алаңы жұмыс істейді, оның ішінде сыйымдылығы 400-ден 1000 басқа дейінгі 13 алаң және сыйымдылығы 1000 басқа дейінгі 22 алаң.