ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ ДАМЫП ЖАТЫР

Облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Аймақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы өте сәтті жүзеге асып келеді. Мәселен балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Аталған бағытқа жергілікті бюджеттен 2023 жылы 500 млн. теңге, биыл тағы 500 млн. теңге бөлініп, 61 балық шаруашылығы субъектісінің шығыстары өтелді.
Ал инвестициялық субсидиялауға 2024 жылға 237,5 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкерге 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. Биыл «Ырыс микро қаржы ұйымы» ЖШС арқылы 232 шаруашылыққа 1020,0 млрд теңге қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысының негізгі драйверлерінің бірі. Өңірде бұл саланы жан-жақты дамытуға басымдық берілген. Бекітілген жоспардың тиісті деңгейде орындалуы тікелей аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің бақылауында тұр. Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев, Ұласбек Сәдібеков бүгін Сайрам ауданының шалғай елді мекендерінде ашылған жаңа шаруашылық кешендерінің жұмысымен танысты. Парламент өкілдерінің жергілікті кәсіпкерлермен кездесулеріне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов, партияның Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов тағы да басқа ресми өкілдер, ауыл ақсақалдары, жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Парламент өкілдері Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекенінде «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің банан өсіру жылыжай кешенімен танысты. Жалпы алаңы 5,3 гектар аумақты алып жатқан кешен ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық өнімді жерсіндіріп, банан өсіру ісін қолға алған. Мұнда жылына 1 мың тонна өнім алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Кешен директоры Тимур Утешевтің айтуынша, 2023 жылы жұмысын бастаған жобаның алғашқы кезеңінің құны 1,056 млрд. теңгені құрайды, барлық жабдықтар Түркиядан алынған. Мұнда қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша 15 адам маусымдық жұмыстарға тартылуда.
Екінші кезеңде банан бауы қосымша 4,8 гектарға ұлғайтылмақ, ал 5,4 гектарға – қызанақ, 1 гектарға құлпынай өсіру жобалары іске асатын болады. Үшінші кезеңде 2,7 гектарға қияр өсіру қолға алынбақ. Барлық кезеңдері табысты іске асырылған жағдайда, бұл шаруашылық отандық нарықты 1500 тонна – банан өнімдерімен, 120 тонна – құлпынаймен, 3153 тонна – қызанақпен және 1125 тонна қияр өнімдерімен қамтымақ. Жоба құны барлық кезеңдерді қоса есептегенде 13,4 млрд теңгені құрап, 150 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Мемлекет тарапынан сумен, электр қуатымен және газбен қамту, жер асты суын пайдалануда ұңғыма шаруашылығын жолға қоюға көмек көрсетілуде.
Мәжіліс депутаттары кәсіпкердің бастамасына қолдау білдіріп, елімізге ғана емес, тұтас ТМД кеңістігіне таңсық банан шаруашылығын табысты іске асырып жатқанына ризашылығын айтты. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қазақстандық аграрлық сала мамандарын жаңа технологияларға үйретуге шақырды, бұл бағытта «AMANAT» партиясының облыстық филиалымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, озық үрдістерді енгізген шаруашылық базасында бастауыш партия ұйымын құру бойынша ұсыныстарын айтты.
Өңірге жасаған жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаттары Сарыарық елді мекеніндегі «Көмеш балық» ЖШС-нің балық өсіру жобасымен де танысты. Дәулеталы Абдраманов жетекшілік ететін бұл кәсіпорын шабақ өсіріп, тауарлы балық өндіру ісін жолға қойған. 259 гектар жерде тоғандар салып, аталық-аналық балық түрлерін өсіріп жатқан кәсіпорын жылына 721,6 тонна өнім алып, ішкі нарықты сапалы балықпен қамтып отыр. Жоба құны 750 млн. теңгені құрайды және мұнда 19 тұрақты жұмыс орны ашылған.
«Біздің кәсіпорын 26 тоғаннан тұрады, оның 13-і – табиғи тоған болса, қалғандары – жасанды. 2016 жылдан бастап шабақ өсірумен айналысып келеміз. Күтімге алған барлық түрлерін айтатын болсақ, олар – ақ амур, карп, сазан, дөңмаңдай. Барлық өнімдеріміз ішкі нарыққа шығып отыр», — дейді Даулеталы Абдраманов.
Балық өсірумен айналысатын кәсіпкер балық түрлерін дамыту, оның жемін өндіру, тоғандық балық шаруашылығының тиімділіктері, суды үнемді пайдалану, несие беру мәселелері бойынша ұсыныстарын білдіріп, осы бағыттарда жүйелі мемлекеттік саясатты орнықтыру мәселесін көтерді. Кәсіпкердің ұсыныстарын депутаттар салалық орталық мемлекеттік органдарға жеткізетін болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында балық шаруашылығын дамыту мәселесін көтеріп, осы тапсырмаға орай Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілген болатын. Түркістан облысында бұл бағытта жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы орайда өңір бойынша 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар экспортқа бағыталған ірі 4 кәсіпорын жұмыс бар. Оның жылдық қуаттылығы 12 мың тоннаны құрайды. Жасанды жолмен өсіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш бастап тұр. Бағдарламаға сәйкес, 2024 жылға 7000 тонна балық өсіру жоспары бекітіліп, 8 айдың қорытындысымен 1645 тоннаға жетті. Балық аулау мерзімі қазан-қараша айлары болуына байланысты, жыл соңымен толық орындалады.
Облыста балық шаруашылығын дамыту, жаңадан балық шаруашылықтарын құру бойынша басқарма мен балық шаруашылығы инспекциясы аудан, қала әкімдіктерінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Айта кетейік, облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны заңдастырылған. Конкурстық негізде 82 су айдыны, оның ішінде, 69 су айдыны көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін, 13 су айдыны кәсіпшілік балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілді, 22 су айдыны резервте. Қазіргі таңда облыста 137 тоғанды балық өсіру шаруашылығы, 5 шарбақты балық өсіру шаруашылығы, 2 тұйық қондырғымен жабдықталған балық өсіру шаруашылықтары жұмыс істейді.













