ҚАЗЫҒҰРТТА ЖЕКЕ ИНВЕСТОР ЕСЕБІНЕН 500 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов аудан аумағында жүргізіліп жатқан бірқатар маңызды құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Өңір басшысы бірінші кезекте Қазығұрт елді мекеніндегі Д.Қонаев көшесінің бойында жеке инвестор есебінен салынып жатқан 2 қабатты аудандық мұрағат ғимаратының құрылысын және аудандық полиция бөлімшесінің негізгі ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.
Сапар барысында Шарбұлақ ауылдық округі, Шарбұлақ елді мекеніндегі 300 орындық жаңа мектептің құрылысымен және Ақбастау елді мекенінде жеке инвестор есебінен салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік тіректің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Сондай-ақ, Сарапхана ауылдық округі, Сарапхана елді мекенінде жеке инвестор есебінен салынып жатқан 500 орындық мектептің және Қарабау ауылдық округі, Жұмысшы елді мекенінде жүргізіліп жатқан фельдшерлік-акушерлік тіректің құрылыс нысандарын аралап көрді. Аудан әкімі барлық нысандар бойынша құрылыс сапасына, жұмыс кестесінің сақталуына ерекше назар аудару қажеттігін айтып, жауапты бөлім басшылары мен мердігер мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Құрылыстың уақытында әрі сапалы аяқталуы тікелей өзінің бақылауында болатынын жеткізді.













