Шымкенттік депутаттар азаматтардың мәселелерін шешуге ықпал етуде

0
133

Азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға тікелей қатысуы мен жергілікті билікке үнін жеткізуіне мүмкіндік беру – демократиялық қоғамның басты қағидаттардың бірі. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – Шымкент қаласы, Тұран ауданына қарасты Жаңаталап елдімекенінде өткен көшпелі қоғамдық қабылдау. Іс-шара партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылып, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдап, нақты шешімдер қабылдау үшін ұйымдастырылды.

Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаттары Муфтулла Қонақтаев, Талғат Балтабаев, Абзал Зейнетаев, Тұран ауданы әкімдігінің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, адвокаттар мен сот орындаушылар қатысты. Ашық форматтағы кездесуде тұрғындар өз сұрақтарын тікелей жауапты мамандарға жолдап, нақты жауап алды.

Көтерілген мәселелердің дені инфрақұрылым саласына қатысты болды. Жергілікті тұрғын Абдухалал Ардақбаев Қорғанжар көшесіне асфальт төселмегенін айтып, жазда – шаң, жауынды күндері – лай кешіп жүргендерін жеткізді.

«2025 жылы Шымкент қаласында 170 шақырым жол салынады. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 79%-ға жетеді. Ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 85%-дан асады. Қорғанжар көшесі де осы жоспарға енгізілген. Жұмыстар партия бақылауында болады», – деді Ербол Байқонысов.

Тұрғындардың бірі Сүлеймен Қожамқұлов Жаңаталап елдімекенінде спорт кешенінің жоқтығын айтып, балалардың көрші аудандарға баруға мәжбүр екенін жеткізді.

«2027 жылға дейін қалада 100 ашық спорт алаңының құрылысы жоспарланған. Оның 32-сі Тұран ауданына тиесілі. Жаңаталап елдімекенін осы тізімге енгізу бойынша тиісті ұсыныстар дайындаймыз», – деді депутат Талғат Балтабаев.

Кездесу барысында тұрғындар көгілдір отын тарту, көше жарығы, жол белгілерін орнату, қоғамдық көлік бағыттарын ұлғайту секілді өзекті мәселелерді көтерді. Барлық сұрақтар бойынша хаттама толтырылып, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.

Іс-шара соңында барлық айтылған өтініштердің партия бақылауында болатыны және алдағы уақытта да осындай кездесулер жүйелі түрде өткізілетіні айтылды. Бұл – билік пен халық арасындағы сенімді арттырудың маңызды жолы.

Leave a reply