Шымкент тұрғындарының мәселесі тыңдалып, нақты шешім қабылдануда

0
83

Қазақстанда мемлекетті басқарудың жаңа кезеңі — «тыңдайтын мемлекет» моделіне көшу үдерісі жалғасып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты тек ұран емес, жүйелі және нақты іске асуы тиіс басқару форматына айналуы керек. Осы бағытта «AMANAT» партиясы ел ішінде, соның ішінде Шымкент қаласында, халықпен ашық әрі тиімді диалог орнатып отыр.

Жуырда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы және Тұран аудандық филиалы аясында өткен бірқатар қоғамдық қабылдаулар — осы қағидаттың іске асуының жарқын дәлелі болды.

«Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Шымкент қаласы Тұран аудандық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Абзал Зейнетаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту, әлеуметтік көмек түрлері, инженерлік желілердің сапасы, тұрғын үй жағдайын жақсарту сияқты өмірлік маңызы бар мәселелерді көтерді.

Абзал Зейнетаев әрбір өтінішті мұқият тыңдап, кейбір сұрақтарға жедел түрде сол жерде шешім қабылдады. Ал күрделі әрі қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Депутат тарапынан жауапты мекемелерге нақты ұсыныстар жолданатын болды.

Тұрғындар көрсетілген қолдау мен ықылас үшін алғыс айтып, партия жұмысының шынайы нәтижесін жоғары бағалады. Бұл – халық пен билік арасындағы сенімнің біртіндеп нығайып келе жатқанын білдіреді.

Осы жобаның екінші бір бағыты ретінде «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттырып, азаматтардың күрделі әрі даулы мәселелерін заң шеңберінде шешуге көмектесу.

Партияның атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Әділет департаментінің заңгерлері Серік Алимкулов пен Камшат Меденова, «Zangerler Palatasi» заң консультанттары, адвокат Бауыржан Мархабаев және басқа да мамандар қатысты.

Қабылдауға 30-ға жуық қала тұрғыны жүгінді. Олар жер дауы, алаяқтарға алданып қалу, алимент өндірудегі қиындықтар, несие қарызы, сот орындаушылардың әрекетіне қатысты шағымдар секілді күрделі мәселелерді көтерді.

Әрбір тұрғынның өтініші жеке қаралып, заңгерлер тарапынан нақты құқықтық кеңестер мен бағыт-бағдар ұсынылды. Қажет болған жағдайда ары қарай әрекет ету алгоритмі түсіндіріліп, мамандар сотқа жүгіну, өтініш жазу, қорғаушы жалдау тәрізді нақты жолдарды көрсетті.

Қазіргі таңда құқықтық сауаттылық – әлеуметтік қорғаныштың басты құралы. Алаяқтық, несие дауы, алимент төлемей қашу сияқты күнделікті кездесетін заң бұзушылықтардан қорғану үшін қарапайым азамат өз құқығын білуге тиіс. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясының бастамасы ел ішінде құқықтық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етіп отыр.

Бүгінгі қабылдаулар – жай бір кездесу емес. Бұл – азаматтың жеке мәселесі билік назарынан тыс қалмайтынын көрсететін нақты механизм. Бұл – Қазақстанның демократиялық бағыттағы дамуының шынайы қадамы.

 

Leave a reply