Мүмкіндік шектеулі емес – мақсатқа жол ашық

0
21

Кентау қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және қоғамға бейімдеу мақсатында маңызды әлеуметтік жоба іске асты. Жаңа тігін цехы өз жұмысын бастап, бірнеше тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Цехтың ашылу салтанатына Кентау қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов қатысып, лентасын қиып, жаңа нысанға сәттілік тіледі. Бұл — қалада жүзеге асып жатқан әлеуметтік бағыттағы игі істердің жарқын мысалы.

Жобаның бастамашысы – «Ақниет» мүгедектер мен зағип жандардың қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Дастан Орынбасаров. Ол «Қорған» мемлекеттік бірлестігінің гранттық бағдарламасы арқылы қаржылай қолдауға ие болып, тігін цехына қажетті заманауи құрал-жабдықтарды сатып алған.

Бүгінде бұл цехта 8 мүмкіндігі шектеулі әйел адам тұрақты түрде еңбек етуде. Олар тек киім тігумен ғана емес, сонымен қатар көрпе-жастық, қыз жасауы, перде секілді тұрмыстық бұйымдарға да тапсырыстар қабылдайды. Жергілікті тұрғындардың қызығушылығы артып, өнімдерге деген сұраныс күннен-күнге көбеюде.

Бұл бастама – тек табыс табуға бағытталған кәсіп қана емес, сонымен бірге ерекше жандарға өмірлік жігер, сенім сыйлайтын әлеуметтік маңызы бар іс. Мұндай жобалар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз әлеуетін толық көрсетуіне, қоғамда өз орнын табуына сеп болады.

Дастан Орынбасаровтың айтуынша, алдағы уақытта цех жұмысын кеңейтіп, жұмысшылар санын арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, тігін бұйымдарының түр-түрін көбейту, арнайы тапсырыстар қабылдау бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Кентаудағы бұл жаңа тігін цехы — әлеуметтік кәсіпкерліктің табысты үлгісі ғана емес, ерекше жандардың да қоғам дамуына тең үлес қосатынын көрсететін айқын дәлел.

Leave a reply