
Кентау қалалық жедел медициналық жәрдем бөлімінде ұзақ жылдар бойы қатар еңбек етіп келе жатқан ерлі-зайыпты Закир Құлбекұлы мен Гүлнар Ағабекқызы Ризвановтар — еңбек пен отбасылық ынтымақтың жарасымын көрсеткен жандардың бірі. Екеуі де медицина саласында елге аянбай қызмет етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген абзал мамандар.
Закир Құлбекұлының бұл салада 33 жылдан астам еңбек өтілі бар. Өз ісіне шынайы берілген, тәжірибелі маман. Ал жары Гүлнар Ағабекқызы осы салада 10 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Олар тек кәсіби ортада ғана емес, отбасында да бір-бірін толықтырып, балаларын еңбекқорлық пен адамгершілікке тәрбиелеп келеді.
Бұл отбасының ерекшелігі — тұтас әулеттің медицина саласына бет бұруында. Қызы – кардиолог, ұлы – стоматолог, ал кенже ұлы да дәрігерлік жолды таңдаған. Бұл – тәрбиенің қуаты мен ата-ананың еңбекке деген адалдығының нәтижесі.
Медицина – жүректің мейірімімен ғана емес, темірдей тәртіппен, жоғары жауапкершілікпен атқарылатын ауыр еңбек. Әсіресе жедел жәрдем қызметі — уақытпен санаспайтын, жанкешті жұмыс. Бұл салада шешімді лезде қабылдап, адам өміріне араша түсудің салмағы тым ауыр. Ал осы жауапкершілікті бірге арқалап жүрген ерлі-зайыптылар — нағыз жанқияр еңбек иелері.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек.
Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады.
Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді.» – деп атап өтті. Осы орайда, Ризвановтар отбасы осы сөзге толықтай лайық жандар. Олар елдің амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп, өздерінің кәсіби және отбасылық үйлесімі арқылы жастарға үлгі болуда.
Осындай еңбек адамдары барда қоғамымыз мейірім мен сенімге, парасат пен жауапкершілікке сүйеніп дами берері анық. Ерлі-зайыпты дәрігерлердің бір салада иық тіресе жұмыс істеуі — адамгершілік пен кәсіби адалдықтың жарқын көрінісі.













