ТҮРКІСТАН: АДАМ ПАПИЛЛОМА ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯЛАУДЫҢ МАҢЫЗЫ
Адам папиллома вирусы (АПВ) – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады.
АПВ алдын алу жолдары:
— Жыныстық қатынаста тек бір жыныстық серіктес болғаны дұрыс. Бұл әдіс жыныстық жолмен берілетін барлық инфекциялардан, оның ішінде АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді.
— Тосқауыл контрацепциясын қолдану – жеңіл, қолжетімді, бірақ әрқашан инфекциядан 100% қорғай бермейді. Науқас тіпті зақымдалған теріге тиген кезде де вирус жұқтыруы мүмкін.
— Мерзімді профилактикалық тексерулер. Қыздар гинекологиялық тексеруден тұрақты түрде өтуі керек. Осылай аурудың алғашқы белгілерін анықтап, оны емдеуді уақтылы бастауға болады.
— Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс! Вакцинация ерлерге де, әйелдерге де жасалуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының даму қаупін 90% — дан астамға төмендетеді.
Қарсы көрсетілімдерге келетін болсақ, өндірушінің нұсқауларына сәйкес АПВ-ға қарсы вакцинаны енгізуге келесі қарсы көрсетілімдер анықталды.
1) әсер етуші заттарға немесе вакцина құрамына кіретін кез келген қосалқы заттарға жоғары сезімталдық;
2) вакцинаны алдыңғы енгізуге анамнезінде анафилактикалық реакция;
3) жіті инфекциялық ауру немесе орташа немесе ауыр дәрежедегі созылмалы аурудың өршуі;
4) дене температурасының 38 °С жоғары көтерілуі;
5) 9 жасқа дейінгі балалар (вакцинаны қолдану 9 жасқа дейінгі балаларда зерделенбеген).
Қолданыстағы вакциналардың тиімділігі өте жоғары.
Айта кету керек, АПВ вакцинасын әлемнің 110-нан астам елінде, оның ішінде Өзбекстан және Қырғызстан Республикалары сияқты көршілес елдерде егуде.
Гулназ ЕРМАНКУЛОВА,
№6 Отбасылық денсаулық орталығының акушер-гинекологы.











