ТҮРКІСТАН: КОНГО-ҚЫРЫМ ҚАНДЫ ҚЫЗБАСЫНАН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫ

0
41

 

Күн жылынып, тіршілік біткен тірілетін көктем, жаз маусымдарымен бірге, қыс бойы ұйқыда жатқан жәндіктер де жер бетіне шыға бастайды. Бұл мезгіл — адамдар денсаулығына қауіп төндіретін жұқпалы аурулардың да бой көтеретін кезеңі. Әсіресе, кененің шағуынан пайда болатын Конго-қырым қанды қызбасы (халық арасында көкала деп атайды) — табиғи ошақты, вирустық, аса қауіпті жұқпалы ауру.

Ол тек кененің шағуынан ғана емес, кене шаққан ауру адамнан да жұғады. Сондықтан да, кененің шаққаны анықталған жағдайда бейқамдыққа салынбай, сақтық шараларын қолдана отырып, тез арада медициналық көмекке жүгіну керек. Себебі, конго-қырым қанды қызбасына мән бермеудің соңы қайғылы жағдайға ұшыратады. Науқас тек өзі ғана зардап шекпейді. Айналасында араласқан адамдарға да жұқтырады.

Осы орайда кене туралы сипаттама берер болсақ, кене қансорғыш жәндіктердің қатарына жатады. Көктем, жаз мезгілдерінде өсіп-өнуі үшін аса белсенділік танытып, жануарларға, сонымен қатар, төрт түлік малға және адамға қан сорып, қоректену үшін шабуыл жасайды. Кене адамның денесіне, жұмсақ жеріне білдірмей жабысып алып, қанын сорады. Сондықтан да конго-қырым қанды қызбасының негізгі қоздырғышы-тасымалдаушысы да — кене. Ол осы қоздырғыштар-дың тұқымын сақтап, таратып отырады. Сол себепті, кенені жалаң қолмен ұстау — аса қауіпті. Кенені көрген кезде бас салып ұстай салуға болмайды. Кенені қолмен езген жағдайда немесе қой қырқымы кезінде кененің қаны жан-жаққа шашыраса, адамдарға жұғуы мүмкін.

Аурудың белгілері жұққаннан кейін немесе кене шаққаннан кейін 2-7 күн ішінде білінеді. Науқастың дене қызуы кұрт көтеріліп, 39-40 градусқа жетуі мүмкін. Басы, буындары қатты сырқырап ауырады. Көзі мен тамағы қызарады. Тамаққа тәбеті болмайды. Аурудың 2-5 күндері мұрыннан, асқазан — ішегінен, әйелдердің жатырынан қан кетеді. Науқастың денесі бөртеді. Теріні қолмен қатты басқанда немесе ине шаншығанда қанталап, көгеріп кетеді. Осындай белгілер байқалса, дереу дәрігерлік көмекке жүгінген дұрыс. Науқас адам дер кезінде көрінбей, уақыт өткізіп алса, өліп кетуі де мүмкін. Сонымен қатар қасындағы адамдарға да жұқтырып, айналасына қауіп төндіреді. Дәрігерлер қауымының жұртшылықты қайта-қайта сақтандырып, кеңес беруі де — кененің шағуының алдын алудан туған сақтық шарасы.

Ал, енді, кенеден қалай сақтануға болады? Кенені денеден қалай алғанда аурудың жұғу қаупі азаяды?

Бірінші, кенені қолмен ұстауға болмайды. Өйткені, жұқпалы ауру агенті шырышты қабықтар немесе терідегі зақымдайтын жерлер арқылы енуі мүмкін. Сонан соң кенені қолмен езбеу керек. Денеге қадалған кенені қысқыштың (пинцетпен) ұшымен езбей, абайлап алу керек. Кененің ауыз бөлігінің бөлініп қалмауын, денеде қалып кетпеуін мұқият қадағалау керек. Ұшы өткір пинцетті пайдаланыңыз немесе саусақтарыңызды резеңке қолғаппен, қолғап болмаған жағдайда матамен қорғаңыз. Пинцетті қатты қыспай, кенені мыжып алмай, шайқалтпай ақырын тарту керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және Американың ауруларды бақылау және олардың алдын алу жөніндегі орталықтары кенені алып тастаудың қауіпсіз әдістемесін ұсынады. Ол үшін қарапайым қағидаларды сақтау керек. Осындай сақтық ережелері кенені үй жануарларынан алып тастайтын адамдар үшін де қажет. Сондай-ақ, кенені аластауға балалар мен ауру жұқтырып алуға бейім, иммунитеті төмен адамдарды да жақындатпаған дұрыс. Кенені тартып алғаннан кейін шаққан жерді немесе кене жабысқан орынды спиртпен сүртіп, залалсыздандыру жұмысын жүргізуді ұмытпау керек. Кенеге керосин, май, ацетон немесе басқа да сұйықтықтар құйып ысытуға болмайды. Сіздің міндетіңіз — кененің өзі түсіп қалуын күтіп отырмай, кенені мүмкіндігінше денеден тез алып тастау. Ауруды жұқтыру мерзімін азайту үшін тез қимылдаған жөн. Мұндайда әрбір минут қымбат.

Екіншіден, денеге қонған кене бірден жабыспайды. Сондықтан оны дер кезінде байқап, уақытылы, тез әрі жылдам алып тастау аурудың алдын алуы мүмкін. Сақтық шарасының тағы бір түрі, табиғат аясына барып, серуендеп-демалған жағдайда, шөп шауып, маялап немесе қой қырқып, малға қараумен айналысқанда өзін-өзі немесе серіктері бірін-бірі қарап, үсті-басын, шаштың арасын тексеріп, киімдерін қағып-сілкіп, кенеден таза екеніне көз жеткізгесін ғана үйге кірген жөн.

Мал қорадан келген соң да киімдерді қағып-сілкіп мұқият қарап шығу керек. Малға қарағанда қолғап, жеңі ұзын киім, шалбар сияқты киімдер киіп, арнайы сақтық шараларын жасау керек. Мал қораны ауық-ауық залалсыздандырып тұрудың да маңызы зор. Яғни кенеге қарсы бүрку, дезинфекциялау жұмыс-тарын жүйелі жүргізудің пайдасы зор. Ірі қара мал, жылқы, түйе-лерге бүрку, қой-ешкілерді тоғы-ту, ал үйіргелік қора-жайларға дезинфекция жұмыстарын жыл сайын жүргізу керек. Кенеден сақтанудың осындай қарапайым қағидалары мен сақтық шараларын сақтаған жағдайда, конго-қырым қанды қызбасын ауыздықтау оңай болмақ.

Мутабар ШЕРМЕТОВА,

Түркістан қалалық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер.

Жанбота АБУОВА,

Түркістан қалалық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігер-ординаторы.

Leave a reply