Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Жаса, жайна, Қазақстан!» салтанатты іс-шарасында бүгінгі күннің батыры атанған полицей марапатталды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңір тұрғындарын мерекемен құттықтай отырып, қызмет барысында екі рет тұрғындарды ажалдан арашалап қалған кентаулық учаскелік полиция инспекторы Бағзатхан Есімхан Әдетханұлына ҚР Президенті Қасым -Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен “Ерлігі үшін” төсбелгісін табыстады.
Айта кетсек, полицей күнделікті жұмыс кезінде пәтерде жалғыз өзі қалып, ішінен құлыптанып қалған 3 жасар бүлдіршінді 5 қабаттың балконы арқылы кіріп құтқарып қалған. Оған қоса 4 қабаттың терезесінен секірмек болған ер жігітті де дер кезінде ажалдан арашалап алған. Айта кетейік, «Ерлігі үшін» медалі — «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік марапаттары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 Заңының негізінде белгіленген Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты. Медаль азаматтарға адам өмірін сақтауға байланысты төтенше жағдайларда (суда, өртте, табиғи апаттар кезінде), қылмысқа қарсы күресте көрсеткен батылдығы мен қайсарлығы үшін беріледі. Медалдың негізгі пішіні айшықты бесбұрыш болып келеді, оның ішінде «Ерлігі үшін» деген жазуы бедерленіп, емен жапырағымен көмкерілген.
Бүгінгі күннің батырына айналған тәртіп сақшысы екі оқиға кезінде шапшаңдық, ептілік таныта білген. Бұл әрекеті ерекше бағаланып, құрметке бөленді. Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиынында сөйлеген сөзін тілге тиек ете кетсек: «Бұл – тәуелсіздік тарихындағы айтулы белес. Құқық қорғау жүйесі – мемлекеттігіміздің берік негізі. Сондай-ақ, елдегі тұрақтылықтың басты кепілі. Заңның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. Өткен жылдарда ішкі істер саласына ауқымды әрі жүйелі реформа жасалды. Соның нәтижесінде полициямыз өз міндетін жоғары деңгейде атқаруда. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде құқық қорғау жүйесі түрлі сын-қатермен бетпе-бет келді. Өтпелі кезеңдегі ахуал қандай күрделі болғанын жақсы білесіздер. Полиция қылмыспен табанды түрде күресті. Сол арқылы бизнестің қалыптасуына жағдай жасалды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша маңызды болды. Мұның бәрі көзсіз ерлік пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Сіздер қиын кезде антқа адал болып, халыққа қызмет еттіңіздер. Мен барша полиция ардагерлеріне зор алғыс айтамын. Тәртіп сақшыларының жаңа буыны Сіздерді үлгі-өнеге тұтады. Құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелген. Әрқашан ширақ қимылдап, батыл әрекет жасау – кәсібиліктің белгісі. Бұл, әсіресе, қаңтар оқиғалары кезінде анық байқалды. Тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Дегенмен, бейқам отыруға болмайды. Заман күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Оның бәрі ішкі істер органдарының түбегейлі өзгеруін талап етеді. Біз болашаққа нық сеніммен қадам басуымыз қажет. Қуатты мемлекет болу үшін мызғымас тұрақтылық, темірдей тәртіп орнауы керек. Бұл – еліміз үшін стратегиялық міндет. Отандық полиция осы міндетті абыроймен атқаратынына мен кәміл сенемін».