САЙРАМ: ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МҮШЕЛЕРІ БАС ҚОСТЫ
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ-і Сайрам аудандық филиалының жылдық жұмыс жоспары негізінде Қарабұлақ ауылында орналасқан Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінің мәжіліс залында “Құқықбұзушылықтың алдын алу” тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі Әлібек Байназар, медиациялық кеңестің белсенді мүшесі, кәсіби медиатор Сайера Даванова, қоғам белсендісі Бахтияр Шамуратов, аудандық полиция басқармасының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Асылбек Ақмырза, ауыл ақсақалдары және Ассамблея жастары қатысты.
Мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, жастардың бойында құқықтық мәдениеттілікті қалыптастыру.
Кездесуде жастардың түнгі уақытта бей-берекет жүруі, жүргізуші куәлігінсіз автокөлік басқару, бөтен мүлікті жымқыру, тағы сол сияқты мәселелер көтеріліп, осы аталған келеңсіздіктерді қоғам болып алдын алу керектігі айтылды.