КЕРЕК КЕҢЕС: ДЕЗИНФЕКЦИЯ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР

0
48

 

Дезинфекция – сыртқы ортадағы патогенді ауру қоздыратын микроорганизмдерді (бактериялар, вирустар, токсиндер мен саңырауқұлақтарды) адам мен жануарларда, өсімдіктерде жоюға бағытталған шаралар жүйесі болып табылады.

Осы орайда түркістандық тұрғындарға салаға қатысты маңызды мағлұматтарды ұсынамыз.

Залалсыздандыру – жұқпалы аурулардың кең таралып кетуін болдырмау шараларының бірі. Қазақ халқы залалсыздандыру тәсілдерін ерте заманнан бері қолданып келген. Мысалы, ауырған адамның ыдыс-аяғын бөлек ұстап қайнату, науқастан түскен шашты, тырнақты көміп тастау немесе өртеп жіберу. Мал шарушылығында – қораларды, көң-қоқысты тазалап отыру, дәнді дақылдарды күнге кептіріп алу және т.б. Қолдану мақсатына қарай залалсыздандыру екі түрге ажыратылады: сақтық (профилактикалық) залалсыздандыру және ошақтық залалсыздандыру (күнделікті немесе ағымдық және қорытынды).

Сақтық залалсыздандыру – алдын-ала тағамдық өнімдерді дайындайтын және сақтайтын жерлерді, малдан алынатын шикізат немесе тағамдық заттар сақтайтын мекемелерді, мал қораларын, астық қоймаларын, емхана және ауруханаларды, әжетханалар мен қоқыс жинайтын орындарды арнайы тәсілдер қолданып өңдеу.

Ошақтық залалсыздандыру – ауырған адам мен малдың қасында болып, олар сауығып кеткенге дейін күнделікті бақылау жүргізіп отыру,ауруды емдеуге алып кете салысымен және аурудан жазылып кеткеннен кейін немесе ауру (адам не мал) өліп қалғаннан кейін бірден (көп кешікпей) ауру орнын толық өңдеуден өткізу.

Алдын алу дизенфекциясы деп эпидемиологиялық маңызы бар заттардағы орын алуы мүмкін инфекциялық аурудың қоздырғыштарын кетіруге немесе жоюға арналған шараларды айтады. Алдын алу дезинфекциясы ауру шықпай тұрғанда, оның шығуы мүмкін деген кезде және таратпау мақсатында жасалады.

Стерилизация-медициналық бұйымдар мен дәрілердегі болуы мүмкін микробтар мен спораларды толығымен жою.

Залалсыздандырудың тәсілдері:

Механикалық залалсыздандыруда үй ішін шаңсорғышпен тазалап, сабындап жуып, желдетеді, мал қораны су шашып сыпырады, малдың тұрағының құрал-жабдығын тазартады.

Физикалық залалсыздандыруда ультракүлгін, радиациялық, лазерлік сәулелермен, ультрадыбыспен өңдейді, қайнату, өртеу, бумен немесе ыстық ауамен өңдеу, т.б. пайдаланылады.

Химиялық залалсыздандыруда қышқылдар мен сілтілер,формалин, хлор,хлорлы әк, натрий хлориды, хлорамин, фенол препараттары, тотықтырғыштар, т.б. қолданылады.

Дезинсекция –ауру қоздырғыш-тарын тарататын зиянды жәндіктер-ді жою үшін мал фермаларында, құс фабрикаларында, ет комбинаттарында, қоймаларда, т. б. қолданылатын малдәрігерлік-санитарлық шаралардың бірі. Дезинсекцияның мақсаты – ауру қоздырып, тарататын жәндіктерді жою және олардың өсіп — өнуіне, көбеюіне жол бермеу. Дезинсекцияның физикалық, механикалық, химиялық, биологиялық әдістері бар. Физикалық әдісті қолдану кезінде ыстық не суық температурамен бумен өңдеу, өртеу, жоғары тербелісті ультраток, иондаушы сәулелердің әсерін пайдалану арқылы ұсақ жәндіктерді жояды. Механикалық әдісті қолдану кезінде есік-терезе торланып, қоражай көңқоқыстан тазартылады. Химиялық әдісті қолдану кезінде жәндіктерді жою үшін улы препараттар (ДДТ, гексахлоран, хлорофос, нафталин, анабазин, күкіртті газ, т. б. ) қолданылады. Биологиялық әдісті қолдану кезінде жәндіктерді жоюға құс, балық, микроорганизмдер пайдаланылады. Дезинсекция арнайы мекемелер мамандарының бекітуімен белгіленген ережеге сай жүргізіледі. Әдетте Дезинсекциялық шаралар дератизациямен қатар орындалады. Дезинсекциялық заттарды қолданылу аймағы мен шарттары оның улылығы мен қауіптлік дәрежесі бойынша анықталады.

Дератизация – індет ауруларын тарататын кеміргіштерге (егеуқұйрық, тышқан, т. б. ) қарсы күрес. Дератизация кеміргіштер тарататын түрлі аурулардың (оба, туляремия, құтыру, сарып, күйдіргі, сальмонеллез, т. б. ) қоздырғыштарын дер кезінде құрту, олардан сақтандыру үшін жүргізіледі. Сақтандыру үшін тұрғын үйлер мен ғимараттардың астындағы жертөлелерді, қоймаларды, мал мен құс қораларын таза ұстап, азықты тышқан кіре алмайтын қоймаларда сақтайды. Тышқан інін бітейді.

Дератизация жүргізгенде механикалық (тор, тұзақ, қақпан қою, т. б. ). Биологиялық (ит, мысықпен ұстау, оларды қыратын микробтарды пайдалану). Химиялық (улы зат, газдар пайдалану) әдістері қолданылады. Әдетте улы, еліктіргіш заттар ретінде крысид, цинкфосфид, зоокумарин, дифторан, стрихнин, фторацетамид, күкіртті ангидрид, т. б. пайдаланылады. Дератизация жұмыстарын қалалар мен жергілікті жерлерде арнайы медицмналық мекемелер ( дезостанса), өсімдік қорғау мамандары мен агрономдар атқарады. Дератизация жасалған жерде темекі тартуға, тамақ ішуге болмайды.

 

Leave a reply