Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Елде жүзеге асып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көріністерінің бірі – ашық диалог алаңдары. Соның бір мысалы, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен кезекті қабылдау болды.
Бұл жолы қала тұрғындарын Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова қабылдады. Іс-шара «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылып, білім саласындағы өткір мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік берді.
Азаматтар өтініштерінде балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығы, материалдық-техникалық базаны жаңарту қажеттілігі, оқыту сапасын арттыру жолдары, сондай-ақ білім мекемелеріне жұмысқа орналасу мәселелерін көтерді.
Басқарма басшысы әр өтінішті жеке тыңдап, жедел шешуді қажет ететін жайттар бойынша жауапты бөлімдерге дереу тапсырмалар берді. Бірқатар мәселелер қабылдау барысында-ақ шешімін тапты.
Күрделі әрі жан-жақты зерделеуді қажет ететін проблемалар арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Бұл – азаматтардың ұсынысы мен шағымы назардан тыс қалмайтынын көрсететін маңызды қадам.
Қабылдау соңында тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріп, мұндай ашық әрі тиімді кездесулердің қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Олар партияның халықпен байланыс орнатудағы белсенді жұмысын жоғары бағалады.
Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қабылдаулар – тек шағым қабылдау ғана емес, сонымен бірге халықтың ой-пікірін, ұсынысын тыңдайтын және оны мемлекеттік саясатта ескеруге мүмкіндік беретін құрал. Бұл тәсіл елдегі азаматтық қоғамның дамуына тікелей ықпал етеді.
Шара барысында білім беру саласын цифрландыру, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері де сөз болды. Бұл бағыттарда нақты жоспарлар жасалып, бірлескен іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп, өзекті әлеуметтік мәселелерді жедел шешуге ықпал етуді жалғастырады. Мұндай шаралар – азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, билік пен халық арасындағы сенімді нығайтатын нақты қадамдар.













