Халық үнін тыңдаған депутат

Елімізде жарияланған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тек қағаз жүзінде емес, нақты істерде жүзеге асып келеді. Шымкентте өткен кезекті қоғамдық қабылдау – соның айқын дәлелі.
«AMANAT» партиясы қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаты, партия фракциясының жетекшісі Бақытжан Позилов «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әрбір өтінішке нақты шешім жолдарын ұсынды.
Қарасу шағын ауданының тұрғыны – көпбалалы ана, күнкөрістің қиындығын айтып, табысының отбасының қажеттілігін өтеуге жетпейтінін жеткізді. Депутат мәселені назарға алып, «Баланы мектепке даярлайық» акциясы аясында өзінің жеке қаражаты есебінен төрт баласына оқу құралдары мен керек-жарақтарды табыстады.
Бұл – тек материалдық көмек қана емес, азаматтың мәселесіне бейжай қарамаудың, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінудің нақты көрінісі.
Қабылдауға келген тағы бір ана І топтағы мүгедек қызының ұзақ уақыттан бері жұмыс таба алмай жүргенін айтты. Депутат бұл өтінішті де дереу шешуге кірісіп, азаматшаның қызына бірден хабарласып, №2 қалалық ауруханаға жұмысқа келуін сұрады. Бұл әрекет – бюрократиялық кідіріссіз, тікелей және нәтижелі шешім қабылдаудың үлгісі.
Қабылдау барысында баспана тақырыбы да жиі көтерілді. Депутат тұрғындарға бұл мәселе тек электронды кезек арқылы және заң талаптарына сай шешілетінін, кезектен тыс жолмен үй алу мүмкін еместігін нақты әрі ашық түсіндірді. Мұндай айқын ақпарат азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, әлеуметтік әділдікке деген сенімді күшейтеді.
Осындай қоғамдық қабылдаулар халық пен билік арасындағы тікелей байланысты нығайтып, азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Әрбір тұрғын өз мәселесін айтып қана қоймай, оны шешудің нақты жолдарын да біледі.
«AMANAT» партиясы мен оның мәслихаттағы өкілдері тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, жан-жақты қолдау көрсетуді әрі қарай жалғастыра бермек. Бұл – қоғамдық сенімнің берік іргетасы және халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басты шарты.













