Мәслихат төрағасы тұрғындарды қабылдады

Елде жүзеге асып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – азаматтардың мұң-мұқтажын тікелей тыңдап, нақты шешімдер қабылдау. Соның айқын көрінісі ретінде, «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауда көтерілген сұрақтар негізінен әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді қамтыды. Бұл азаматтардың күнделікті тұрмысында жиі кездесетін проблемалардың партия алаңында ашық талқыланып, жауапты органдардың қатысуымен шешілуіне жол ашты.
ҚР Мәдениет қайраткері Әбдіхалық Әбдірайымов қаланың мәдени өмірін жандандыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ол белгілі ақын-жазушыларға арналған аллея ашу, елге еңбегі сіңген тұлғалар жайлы деректі фильмдер түсіру, түрлі өнер фестивальдерін ұйымдастыру сияқты бастамаларды ұсынды.
Мәслихат төрағасы бұл ұсыныстарды толық қолдап, мәдениет пен өнердің дамуы – жастардың патриоттық сезімін нығайтып, қаланың имиджін көтеретін маңызды бағыт екенін атап өтті. Ұсыныстар идеологиялық тұрғыдан зерделеніп, тиісті құрылымдарға жолданатын болды.
Қала тұрғыны Гүлмира Уселбекова тұрғын үй кезегінің жылжымай жатқанына шағымданды. Бахадыр Нарымбетов бұл мәселе заң шеңберінде ғана реттелетінін және кезектен тыс үй алу мүмкін еместігін түсіндіріп, процестің ашық әрі әділ жүргізілетінін айтты.
236 кварталдағы көшелерге жарық орнату, атау беру, Мәметов көшесіне асфальт төсеу қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл мәселелер бойынша қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен өзге де құзырлы мекемелердің өкілдері нақты түсініктеме берді.
Іс-шараға мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер, білім, дене шынықтыру және спорт, тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының мамандары қатысты. Олар тұрғындар сауалдарына тікелей жауап беріп, бірқатар мәселелерді сол сәтте шешуге ықпал етті.
Мұндай қабылдаулар – азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, билік пен халық арасындағы сенімді нығайтатын тиімді алаң. «AMANAT» партиясы бұл кездесулерді жүйелі түрде өткізіп, тұрғындардың ұсыныстары мен проблемаларын мемлекеттік деңгейде шешуге атсалыса бермек.












