Жеті нәрестені әдейі өлтірген медбике өмірбойына бас бостандығынан айырылды
Манчестер соты медбике Люси Летбиге жаңа туған жеті нәрестені өлтіріп, тағы алты сәбиді өлтіруге оқталғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сондай-ақ ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе кешірім сұрау құқығынан айырылды.
Медбикенің өзі сот үкімі оқылған кезде залда болмады.
“Бұл – садизмге негізделген асқан зұлымдық әрекеті. Сот процесінде өзіңіз жасаған қателіктеріңіз үшін жауапкершіліктен бас тарттыңыз. Сізде өкініш жоқ. Сондықтан қылмысты жеңілдететін мән-жайлар да жоқ”, – деді судья үкімді жарияламас бұрын.
Қазір 33 жастағы Летби 2015 жылдың маусымы мен 2016 жылдың маусымы аралығында Чеширдің бас ауруханасы Честерде жұмыс істеген кезінде сәбилерді өлтірген. Медбике белгісіз себептермен жаңа туған балалардың қанына немесе асқазанына ауа енгізу үшін шприц қолданған. Оларды инсулинмен уландырып, артық тамақтандырған.