Халықпен кездесуде көтерілген мәселе шешімін тапты

Шымкент қаласының Текесу тұрғын алабында тұрғындар көптен бері күтіп жүрген қуанышты сәт келді – ауыз су жүйесі іске қосылды. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асырған жобалардың бірі.
Жергілікті халық ұзақ жылдар бойы таза ауыз су тапшылығын көріп келген еді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен өткен кездесуде тұрғындар бұл мәселені ашық айтып, тұрақты су көзінің қажеттігін жеткізген болатын. Әкім тапсырмасынан кейін басталған жұмыс небәрі бірнеше айда толық аяқталып, бүгін өз нәтижесін берді.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын жаңа су құбыры тартылып, 130 абонент сапалы ауыз сумен қамтылды. Құрылыс жұмыстары демеушілердің қаржысы есебінен жүргізілген. Бұл – мемлекеттік құрылымдар мен жеке сектордың бірлесіп, халық игілігі үшін атқарған ісінің айқын көрінісі.
Қала әкімі іске қосу рәсіміне арнайы барып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады:
– Бұл – тұрғындармен кездесудің нәтижесінде қолға алынған жоба. Халық көтерген мәселе міндетті түрде назарда болады. Біз үшін басты мақсат – қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді мегаполис басшысы.
Ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізген мердігер ұйымдар мен қаржылай қолдау көрсеткен демеушілерге қала әкімі алғыс білдірді.
– Қала дамуы тек мемлекеттік қаржыға ғана емес, әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кәсіпкерлердің қолдауына да байланысты. Текесу тұрғын алабындағы бұл жоба – соның жарқын мысалы, – деді Ғ.Сыздықбеков.
Жергілікті тұрғындар жаңа су жүйесі іске қосылған күнді мереке ретінде атап өтті. Ауыл тұрғыны Сәуле Әбдірахманова:
– Бұрын су тасу, сақтап қою, қыс кезінде қатып қалу сияқты қиындықтар көп болатын. Енді үйімізде әрдайым таза су бар. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, – дейді.
Нәтижесінде Текесу тұрғын алабы санитарлық талаптарға сай, үздіксіз таза ауыз суға қол жеткізіп отыр. Бұл жоба тек инженерлік инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.











