ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЛА» ҚАЛАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0
80

Шымкент қаласында қоршаған ортаны жақсарту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және экологиялық сананы көтеру мақсатында «Таза қала» жалпықалалық шарасы өтті. Оған қала әкімдігі мен аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, коммуналдық кәсіпорындар, еріктілер және қала тұрғындары қатысты.

Абай ауданында өткен сенбілікке 400-ден астам адам мен 15 арнайы техника тартылып, 42 тонна тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылды. Мұнда ағаштарды санитарлық кесу, шөп шабу және жалпы тазалық жұмыстары атқарылды.

Әл-Фараби ауданында ұйымдастырылған акция кезінде 335 адам мен 22 техника жұмыс істеп, 27 тонна қоқыс жиналды. Сонымен қатар қураған бұталар мен ағаштар кесіліп, қоқыс алаңдары жуылды, көшелер мен жаяужолдар тазартылды.

Ал Тұран ауданында 426 тұрғын мен 36 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 18,3 тонна қалдық шығарылды. Қатысушылар жасыл аймақтарды күтіп-баптап, ағаш-бұталарды ретке келтірді және аумақты қоқыстан тазартты.

Жалпы шара барысында барлық аудандарда қоқыс алаңшалары реттеліп, жасыл желектерге күтім жасалды, жолдар мен тротуарлар тазаланып, санитарлық жұмыстар жүргізілді.

«Таза қала» акциясы мегаполистің көркін ашып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.

Leave a reply