ШЫМКЕНТ: ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСУ – ІСТІҢ НАҚТЫ НӘТИЖЕСІ

0
33

Шымкент қаласында азаматтардың өтініштері назардан тыс қалмай, дер кезінде шешімін табуда. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты өмірдегі көрінісі.

Әл-Фараби ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Алмагүл Жақыпова «AMANAT» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгініп, Төле би көшесі №31 үй ауласындағы тозығы жеткен орындықтардың тұрғындарға қолайсыздық тудырып жүргенін жеткізді.

Партия өкілдері мәселені назардан тыс қалдырмай, аудан әкімдігіне ресми хат жолдады. Қысқа мерзім ішінде ескі орындықтар жаңартылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Өз кезегінде Алмагүл Жақыпова ризашылығын білдіріп:
«Балаларымыз енді таза, ыңғайлы орындықтарда ойнап, тынығып жүр. Уақытылы көмек көрсеткендеріңізге үлкен рахмет! Бұл біз үшін зор қолдау болды», – деді.

Бұл оқиға – қарапайым тұрғынның шағымы дер кезінде ескеріліп, нақты нәтиже бергенін дәлелдейді. Мұндай мысалдар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жергілікті атқарушы органдардың ашық әрі жауапты қызметін де айқын көрсетеді.

Сол сияқты, Тұран ауданындағы Самал-1 шағын ауданы тұрғындары Момышұлы мен Халменов көшелерінің қиылысында қоқыстың жиналып қалғанын айтып, партия филиалына өтініш білдірген болатын. Бұл арыз да әкімдікке жеткізіліп, қысқа уақыт ішінде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Жауапты мекеме мамандары аумақты ретке келтіріп, тұрғындардың алаңдаушылығын сейілтті.

Бұл мысалдар – «Айтылды – орындалды» қағидатының нақты жүзеге асып жатқанын айғақтайды. Қоғамдық қабылдаулардың рөлі де осы жерде ерекше: азаматтар өз ұсыныстарын, шағымдарын тікелей жеткізіп, нақты шешім алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Жалпы, мұндай тәжірибелер халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырады. Әрбір қарапайым өтініштің дер кезінде орындалуы – билік пен қоғам арасындағы диалогтың жанданып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Leave a reply