Әлеуметтік қолдау – басты назарда

Шымкент қалалық «AMANAT» партиясының Әл-Фараби аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті қабылдау өтті. Бұл жолы аудан тұрғындарын жеке қабылдаған мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Бөкейхан Әбішев халықтың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, бірқатар маңызды мәселелердің шешілуіне ықпал етті.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік көмек мәселесін көтерді. Әсіресе, көпбалалы аналар, тұрмысы төмен отбасылар және мүгедектігі бар азаматтар өздерінің күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарын ашық айтып, көмек көрсету тетіктерін сұрады. Әрбір өтініш депутат назарынан тыс қалмай, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Бірқатар жағдайларда партия тарапынан қосымша қолдау көрсетіліп, нақты шаралар қабылданды.
Сонымен қатар жұмыссыз жүрген тұрғындар да қабылдауға келіп, жұмыс табу бойынша кеңес алды. Депутат оларға бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріп қана қоймай, кәсіби біліктіліктеріне сай бағыт-бағдар көрсетті. Бұл азаматтардың еңбек нарығына бейімделуіне және тұрақты табыс табуына мүмкіндік ашпақ.
Жалпы алғанда, қоғамдық қабылдау барысында «AMANAT» партиясы әлеуметтік қорғау, тұрғындардың құқықтарын қорғау және кәсіпкерлікке қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқаны анық байқалды. Партияның басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту және әділ қоғам құруға үлес қосу.
Бұл бастамалар ел Президенті ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үндеседі. Өйткені тұрғындардың мәселесін ашық талқылап, олардың өтінішін тыңдау арқылы билік халықпен тікелей байланыс орнатып отыр. Бұл – азаматтардың саяси шешім қабылдауға жанама түрде қатысуының айқын көрінісі. Әрбір тұрғын өз ұсынысын жеткізе отырып, қоғамдағы өзгерістерге ықпал ететінін сезінеді.
Осылайша, «AMANAT» партиясының Әл-Фараби аудандық филиалында өткен қоғамдық қабылдау – қарапайым азаматтардың үніне құлақ асып, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатыны сөзсіз.













