«ҚОЛДАУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗБЕДІМ» ДЕГЕН АЗАМАТ ДЕПУТАТТАН КӨМЕК СҰРАДЫ

Халықтың талап-тілегін тыңдау, әрбір шағымды назардан тыс қалдырмау – халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатының басты өлшемі. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы азаматтарды тұрақты түрде қабылдап, олардың өтініштерін шешуге атсалысып келеді.
Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті рет өткен қабылдауда мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Муфтулла Қонақбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың арыз-шағымдарын тыңдады.
Қабылдауға келгендердің бірі – С.Тасқараев есімді азамат. Ол бірнеше айдан бері кәсіп бастауға берілетін мемлекеттік грантты алуға талпынып жүргенін, бірақ қолдау таппай жүргенін айтты.
«Мен өзімнің жобама қолдау таппай келемін. Мемлекеттік грантты тек танысы барлар ғана алып жатқанын естуші едім, енді өзім осы мәселеге кезігіп отырмын», – деді ол.
Мәселені тыңдаған депутат бірден Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысына телефон шалып, мән-жайды анықтады. Басқарма басшысы грант бөлу ісі арнайы комиссия шешімімен қабылданатынын, оған ешкімнің тікелей араласа алмайтынын жеткізді.
Осыған орай, Муфтулла Қонақбаев азаматқа:
«Өзіңіз көріп отырғандай, басқарма басшысымен сөйлестім. Енді жобаңызды қайта ұсынсаңыз, өтінішіңіз назарға алынады. Егер берілген жауапқа қанағаттанбасаңыз, депутаттық сауал жолдап, бұл істі бақылауыма аламын. Бірақ кез келген мәселе тек заң аясында шешілуі тиіс екенін естен шығармағанымыз жөн», – деп түсіндірді.
Қабылдау барысында тағы бір өзекті мәселе көтерілді. «Рахима Бегім» балабақшасында жұмыс істейтін бірнеше қызметкер еңбекақысы мен еңбек демалысына төленуі тиіс қаржыны ала алмай жүргенін айтты.
Депутат бұл жағдайды назарға алып, тиісті мекемелерге хабарласып, шағымды жеке зерделеп, қызметкерлердің құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, тұрғындар балалар ойын алаңшаларының жетіспеушілігі мен әлеуметтік көмек алу кезіндегі қиындықтарды көтерді. Бұл мәселелер бойынша да депутат әкімдікке хабарласып, тиісті органдардың араласуын қамтамасыз етті.
Мұндай қабылдаулар азаматтардың билікке деген сенімін арттырып, қоғамдағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге ықпал етуде. Әрбір түйткіл заң аясында қаралып, шешімін табу жолдары нақты түсіндірілуде.
«AMANAT» партиясының өкілдері атап өткендей, халық үніне құлақ асу – тек қағаздағы ұран емес, іс жүзіндегі қадам. Сондықтан да партия алдағы уақытта да азаматтарды тұрақты түрде қабылдап, олардың өтініш-шағымдарын шешуге бар күшін жұмсамақ.











