Қайтарымсыз грант – арманға апарар мүмкіндік

Кентау қаласының тұрғыны Сымбат Анарбаева өз баласының ерекше қажеттілігінен басталған өмірлік күресін көпшілікке пайдалы іске айналдыра білді. Ол мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант жеңіп алып, қала тұрғындары үшін маңызы зор массаж және оңалту орталығын ашты. Бұл – жай ғана кәсіп емес, жүректен шыққан мейірім мен жанашырлықтың айғағы.
Сымбаттың айтуынша, ерекше бала тәрбиелеу – үлкен сынақ. Бұл жолда ол баласының денсаулығын жақсартуға ұмтылып, түрлі оңалту орталықтарын іздестіріп жүрген. Уақыт өте келе, тек өз баласына емес, басқа да ата-аналар мен балаларға көмектесу идеясын іске асыруға бел буған. Осылайша қоғам үшін пайдалы әлеуметтік бағыттағы бизнес дүниеге келді.
Алған грант қаражатына балаларға арналған гидро-ванна, ЛФК құрылғылары, артоқофрик және басқа да оңалту құралдары сатып алынған. Қазіргі таңда орталықта 6 білікті маман жұмыс істейді. Олар түрлі массаж түрлерін, дене шынықтыру жаттығуларын жүргізіп, ерекше балаларға жан-жақты көмек көрсетуде.
Мұндай бастамалар – Президент Жолдауында айтылған «еңбек адамы – ел тірегі» қағидасының нақты көрінісі. Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, өз кәсібін ашып, қоғамға шын пайдасын тигізіп отырған Сымбат сынды жандар – ел дамуының қозғаушы күші.
Сымбат Анарбаеваның мысалы – қайсарлық пен мейірімділік, еңбек пен мақсаттылықтың үлгісі. Ол өзінің бастамасы арқылы ерекше балалардың өміріне үміт сыйлап қана қоймай, өз ісін адал атқарып отырған еңбек адамы ретінде жұртшылыққа үлгі болып отыр.













