«АДАЛ АЗАМАТТЫҢ» ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

0
28

Шымкент қаласының дамуы тек өндіріс орындары мен жаңа кәсіпорындардың ашылуымен өлшенбейді. Қаланың өркендеуі ең алдымен адал еңбегімен, маңдай терімен қоғамға қызмет етіп жүрген қарапайым азаматтардың үлесімен байланысты. Солардың бірі – Оразымбет Жақсыбек.

Оразымбет ағаның еңбек жолы Сарыағаш станциясында басталды. Ол алғаш рет жүк және багаж қабылдап тапсырушы болып еңбек етіп, өзінің тиянақтылығы мен жауапкершілігінің арқасында әріптестерінің сеніміне ие болды. Кейін пойыздар қабылдаушы ретінде темір жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей жауап беріп, күрделі де жауапты міндеттерді абыроймен атқарды. Қазіргі таңда аға жүк және багаж қабылдап тапсырушы болып қызмет атқарып, 21 жылдық тәжірибесін жастарға үйретіп, еңбек мектебін жалғастырып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасында қоғамды алға жетелейтін басты құндылық – адал еңбек екендігі атап өтіледі. Бұл қағидат Оразымбет Жақсыбектің өмір жолынан айқын көрінеді. Ол өз кәсібін абыроймен атқарып қана қоймай, темір жол саласының тұрақты дамуына да үлесін қосып жүр.

Оразымбет Жақсыбектің адалдығы мен еңбекқорлығы жас мамандар үшін үлкен өнеге. Оның әрбір қадамы – жауапкершіліктің, ұқыптылықтың, кәсіби шеберліктің үлгісі. Осындай азаматтардың арқасында Шымкент қаласы мен еліміздің темір жол саласы тұрақты дамып, жолаушылар мен жүк тасымалының сапасы артып келеді.

Шымкент – еңбек адамын бағалай білетін шаһар. Бұл қалада әрбір адал еңбек иесінің үлесі ерекше қымбат. Оразымбет ағамыздың 21 жылдық маңдай тері – тек бір адамның өмір жолы ғана емес, тұтас бір саланың берік іргетасын қалыптастырудағы өлшеусіз үлес.

Қоғамға шынайы пайдасын тигізіп жүрген мұндай азаматтар – біздің болашағымыздың берік тірегі. Өйткені адал еңбек пен азаматтық ұстаным – кез келген елдің дамуының негізі.

Leave a reply