Берік болмыс, мызғымас еңбек

0
25

Кентау қаласының көркеюі мен абаттануы – әрбір еңбек адамының тынымсыз тіршілігінің нәтижесі. Осындай жанның бірі – Тұрсынбаев Берік Жанділдаұлы. Ол – өз ісінің нағыз шебері, адал еңбегімен көпке үлгі бола білген майталман маман.

Берік Жанділдаұлы еңбек жолын 1988 жылы қарапайым электрик қызметінен бастаған. Бүгінде ол «Жасыл қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ағаш ұстасы болып жұмыс істейді. Қаламыздың көшелері мен аулаларындағы орындықтар, саябақтардағы құрылымдар мен балалар ойын алаңшаларындағы ағаш бұйымдарының дені – осы кісінің қолынан шыққан.

Ұқыптылық пен жауапкершілікті ту еткен Берік Жанділдаұлы кез келген істі тыңғылықты атқарады. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін орындықтарды, қақпаларды және өзге де ағаш бұйымдарын қалпына келтіру – оның күнделікті атқаратын жұмысына айналған. Қаладағы гүлзарлар мен ағаш қоршауларын жөндеу, жаңарту жұмыстарында да белсенді атсалысып жүр.

Берік Жанділдаұлы тек кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, әріптестері арасында үлкен сый-құрметке ие. Ол – үлгілі отбасы иесі, еңбекқор жан, өз ісіне жанашыр азамат.

Осындай қарапайым еңбектің иелері – қаламыздың көркеюінің, дамуының және тіршілігінің негізгі тірегі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деп атап өткен болатын. Бұл сөздер дәл осындай азаматтарға арналғандай.

Берік Жанділдаұлы сынды майталман мамандардың еңбегі ескерусіз қалмай, лайықты бағалана берсе – қаламыздың да, еліміздің де келешегі кемел болары анық.

Leave a reply