БАЙЛАНЫС САЛАСЫНДА БЕЛСЕНДІ ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН БІЛІКТІ МАМАН

Кентау қаласында қарапайым еңбегімен көпке үлгі болып жүрген Жандарбек Есенбекұлы Искаков — «Қазақтелеком» АҚ-да 1990 жылдан бері табанды қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол бүгінде байланыс жүйелерін монтаждау, желілерді қалпына келтіру және сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек етуде.
Жандарбек Искаковтың бұл салаға келуіне әскер қатарында байланыс бөлімінде қызмет етуі себеп болған. Сол кезден бастап осы мамандыққа қызығушылық танытып, азаматтық өмірінде де осы жолды жалғастырған. Қазір ол қала ішіндегі тұрғын үйлер мен мекемелердің телефон және интернет желісінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп келеді.
Ол – 5 баланың әкесі, 7 немеренің атасы, көпбалалы отбасының арқа сүйері. Ұзақ жылдық тәжірибесі мен еңбекке адалдығы арқасында ұжымда үлкен беделге ие.
«Бұл — жай ғана жұмыс емес, менің өмірімнің бір бөлшегі. Біздің іс көзге көрінбесе де, әр үйдің байланысы бізге тәуелді. Ең бастысы – жауапкершілік пен кәсібіңе деген сүйіспеншілік», – дейді Жандарбек Есенбекұлы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек.
Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады.
Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді» деген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Жандарбек Искаков сынды азаматтардың ерен еңбегі – ел дамуының бір тетігі.
Жандарбек Есенбекұлы – еңбекке деген адалдығы, кәсібіне деген сүйіспеншілігі арқылы көпке үлгі болып отырған қарапайым еңбек иесі.













