ТҮРКІСТАНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ПЕН МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАР САЛЫНАДЫ

0
144
Түркістан облысында ғимараттар мен нысандар салуға ниетті инвесторлар саны артып келеді. Әр ғимарат сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана салынуы тиіс. Бұл мәселені Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бақылауда ұстап отыр. Сәулеттік жобалар талқыланған мәжілісте жаңа жобалар таныстырылды.
– Жаңа нысандар салу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бастамаларын қолдаймыз. Бірақ алдымен сол аймақтың Бас жоспары назарға алынуы тиіс. Түркістан қаласында салынатын ғимараттардан шығыс және ұлттық сәулет нақыштары көрініс табуы керек. Екіншіден, инвесторлар арнайы жұмыс жоспарын бекітіп, уақытында аяқтауы қажет, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басқарма мен басшыларға тапсырмалар берді.
Мәжілісте 18 жоба ұсынылды. Атап айтсақ, Әкімшілік-іскерлік орталығында медициналық орталық, жатахана мен балабақша салу жөнінде ұсыныс беріліп, ғимараттарының үлгілері көрсетілді. Сонымен бірге Жаңа қала аумағында тұрғын үй, монша салу жөнінде де ұсыныс берілді. Мәдени-рухани орталығында орналасқан Өнер мұражайы мен Қолөнершілер орталығы, «Достық үйінің» ішкі көрінісінің жобасы да талқыланды. Бекзат Саттарханов спорт кешенінің кіреберісін сәндеу, Сауран ауданындағы монша және сауықтыру кешені, Түркістан қаласындағы галерея жобасы, 18 қабаттағы бизнес орталығының сыртқы көрінісі, ату алаңы мен ұлттық ойындар алаңын салу жобалары да талқыланып, тиісті ескертпелер берілді.

Leave a reply