ХАЛЫҚ ҮНІ – МЕМЛЕКЕТ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ашық диалог алаңын жалғастыруда. Қалалық филиалдың Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен кезекті қабылдау «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – халықтың үніне құлақ асып, олардың ұсыныс-тілектерін мемлекеттік деңгейдегі шешімдерге жеткізу.
Кездесуге Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев арнайы қатысып, тұрғындардың жеке өтініштерін тыңдады. Азаматтар көтерген негізгі мәселе – мүгедектікке шығу рәсімдерінің күрделілігі болды.
Мәселен, Құрбан ата көшесінің тұрғыны жұбайының денсаулығына байланысты бірінші топ мүгедектігіне құжат тапсыра алмай жүргенін айтты. Бұл жағдайда арнайы медициналық комиссияның қорытындысы мен 31-форма секілді құжаттарды толтыру қажет екені түсіндірілді. Сондай-ақ Полетарская көшесінің тұрғыны да осыған ұқсас қиындықпен бөлісіп, оған толық медициналық сараптамадан өту және қажетті анықтамаларды жинау тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Қабылдау барысында тек құқықтық кеңес берумен шектелмей, азаматтарға нақты қадамдар көрсетілді. Бұл – халықтың үнін естіп қана қоймай, оны шешу жолдарын бірге қарастырудың айқын көрінісі. Мұндай тәжірибе қоғамда «мемлекет тек жоғарыдан бұйрық беруші емес, халықпен бірге әрекет ететін серіктес болуы керек» деген түсінікті қалыптастырады.
«AMANAT» партиясы өкілдерінің айтуынша, қоғамдық қабылдаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, әлеуметтік мәселелерді шешуге жол ашпақ. Бұл іс-шаралар халықтың мемлекеттік шешімдерге қатысуына мүмкіндік беріп, азаматтардың сенімін арттыруға ықпал етеді.
Шын мәнінде, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау – жай ғана әлеуметтік қолдау емес, елдегі саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуіне бастайтын қадам. Өйткені азаматтардың пікірі есепке алынған жерде ғана әділетті қоғам орнайды.












