ДЕПУТАТ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ

Шымкент қаласында халықтың өзекті мәселелерін тыңдау жалғасуда. «AMANAT» партиясы қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, партия фракциясының мүшесі Талғат Исхахов азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдау «Құқықтық көмек» жобасы аясында өтті.
Кездесу барысында тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік қолдауға мұқтаж екендерін айтты. Әрбір өтінішті мұқият тыңдаған депутат жекелеген азаматтарға өз қаражаты есебінен бір реттік әлеуметтік көмек көрсетті. Бұл – халық өкілінің азаматтармен ашық әрі тікелей байланыста екенін білдіретін нақты қадам.
Сондай-ақ, қабылдау кезінде Қаратөбе тас жолы бойында шағын дүңгіршекте сауда жасап келген тұрғын да өз мәселесін ортаға салды. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары бұл орында сауда жасауға рұқсат бермей, кедергі келтірген.
Депутат мәселенің мән-жайын анықтау үшін бірден Еңбекші ауданы әкімдігіне хабарласты. Әкімдік өкілдері бұл аумақта заң талаптарына сәйкес сауда жасауға болмайтынын түсіндірді. Осыған орай, Талғат Исхахов азаматқа заңға қайшы әрекет жасамауды ескертіп, саудасын жалғастыру үшін арнайы белгіленген басқа орын қарастыруға кеңес берді.
Мұндай қабылдаулар халықтың мәселесін тек тыңдап қана қоймай, оны шешудің заңды жолдарын көрсетіп, билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – әділетті Қазақстан құрудың басты кепілі. Әрбір өтініш назарға алынып, нақты шешім қабылдануы тиіс» деп атап өткен болатын. Депутаттың бастамасы осы қағидатты жүзеге асырудың бір көрінісі болды.
«AMANAT» партиясының өкілдері мұндай қабылдауларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені азаматтардың үні тыңдалып, талап-тілегі заң аясында орындалған жерде ғана қоғамдағы сенім артады, әділеттілік орнығады.












