
Қазіргі таңда цифрландыру үдерісінің қарқынды дамуы ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің маңызын бұрынғыдан да арттырды. Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін күшейту міндеттерін тұрақты түрде көтеріп келеді. Осыған сәйкес елімізде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып, «Қазақстан киберқалқаны» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік органдардың, стратегиялық нысандардың және ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Бұл бастамалар Түркістан облысында да кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Өңірде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшіріліп, цифрлық технологияларды қолдану аясы кеңейген сайын ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі де өзекті бола түсті. Осыған байланысты облыста мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелерін қорғау, цифрлық платформалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және киберқауіптердің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Осыған дейін түркі елдерінің басшылары жиналған ауқымды мәжілісте цифрлық қауіпсіздік және инновациялық даму жүйесін нығайтудың тың бағыттары талқыланған еді.
Бүгінде Түркістан облысында электрондық үкімет қызметтерін пайдалану көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді. Халық мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін онлайн форматта алып, цифрлық сервистердің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік беруде. Осындай жүйелердің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуі киберқауіпсіздік талаптарының сақталуына тікелей байланысты.
Сонымен қатар облыста білім беру ұйымдарын цифрландыру бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мектептерде электронды журналдар, цифрлық білім беру платформалары және онлайн оқыту жүйелері кеңінен енгізілген. Оқушылардың ақпараттық технологияларға қызығушылығын арттыру мақсатында робототехника, бағдарламалау және жасанды интеллект негіздерін оқыту бағытындағы үйірмелер мен арнайы курстар жұмыс істейді. Түркістандағы ІТ мектептер мен ІТ хабтар жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып, киберқауіпсіздік саласына қажетті мамандарды даярлауға ықпал етуде.
Өңірдегі Turkistan Hub, Dosti IT School және басқа да инновациялық орталықтар бағдарламалау, цифрлық технологиялар, стартаптарды дамыту және киберқауіпсіздік бағыттарында білім беру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мұндай жобалар болашақта ақпараттық технологиялар саласында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету экономикалық даму үшін де маңызды фактор саналады. Түркістан облысында индустриялық аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар және шағын өндірістік парктер қарқынды дамып келеді. Өндіріс орындары мен кәсіпорындардың цифрлық жүйелерге көшуі өндірістік процестерді автоматтандыруға жол ашса, оларды кибершабуылдардан қорғау мәселесін де қатар алға шығаруда. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау инвестициялық жобалардың тұрақты жұмыс істеуінің маңызды кепілі болып табылады.
Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығының артуына цифрлық инфрақұрылымның дамуы ерекше ықпал етуде. Инвесторлар үшін сенімді ақпараттық жүйелер мен қорғалған цифрлық орта маңызды факторлардың бірі болып саналады. Сондықтан өңірде байланыс инфрақұрылымын дамыту, интернет сапасын жақсарту және ақпараттық қауіпсіздік стандарттарын енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Жалпы мемлекеттік қызметтердің сапасы артып, кәсіпкерлік орта жетіліп, инвестициялық ахуал жақсарып келеді. Сонымен бірге білім беру, денсаулық сақтау, туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында енгізіліп жатқан цифрлық жобалар өңір экономикасының жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беруде. Алдағы уақытта ақпараттық қауіпсіздік жүйелерін одан әрі жетілдіру, ІТ инфрақұрылымды кеңейту және инновациялық жобаларды қолдау арқылы Түркістан облысының цифрлық әлеуетін нығайту жоспарланып отыр.













