ТҮРКІСТАНДА GOVTECH ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ТҮРКІ ЕЛДЕРІ ҰЙЫМЫНА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

0
25

Цифрлық шешімдер мемлекеттік қызметтерді заманауи форматқа көшіру, инновациялық технологияларды енгізу және цифрлық экономиканы дамыту бағытындағы маңызды қадам болып табылады. Бұл бастама түркі мемлекеттері арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Сарапшылардың пікірінше, GovTech шешімдерін енгізу мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірлік цифрлық интеграцияны да күшейтеді. Аталған цифрлық бастамалар аясында электрондық құжат айналымы жүйелері, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету, цифрлық платформалар арқылы өтініштерді өңдеу және онлайн мониторинг жүйелері секілді бірқатар шешімдер ұсынылды. Бұл құралдар мемлекеттік басқарудың жеделдігін арттырып, азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара байланысты жеңілдетуге бағытталған. Сонымен қатар деректерді басқару және киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Цифрлық инфрақұрылымды қорғау, ақпараттық жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау GovTech жүйесінің негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырылды.

Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысушы елдердің президенттеріне Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту және аймақтағы технологиялық серіктестікті нығайту бастамалары жайында мәлімет берілді. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға еліміз ЖИ-ді стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын баяндады. Бұл орайда инфрақұрылымды, адами капиталды және инновациялық өнімдерді дамыту арқылы толық экожүйе құрылмақ. Жалпы GovTech (Government Technology) – бұл мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға, автоматтандыруға және тиімді етуге бағытталған технологиялық шешімдер жүйесі. Яғни GovTech – мемлекет пен азамат арасындағы қызмет көрсетуді заманауи цифрлық технологиялар арқылы жеңілдететін экожүйе.
Бүгінде Қазақстанда Starlink және OneWeb компанияларының жерсеріктік байланыс технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Есептеуіш қуатын арттыру бұл саладағы маңызды қадамға айналды. Аймақтағы ең ірі суперкомпьютерлер іске қосылды. Енді «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» атты ауқымды жоба қолға алынбақ. Қуаттылығы 1 ГВт-тан асатын хаб AI-есептеулерді ұсынуға негізделген экономиканың жаңа экспорттық моделінің іргесін қалайды.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ынтымақтастығы ғарыш саласында да нәтиже беруде. Еліміз Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан мемлекеттерімен бірлесіп, CubeSat ғылыми жерсерігін әзірлеп жатыр. Оны ғарышқа келесі жылы ұшыру жоспарланған.
Жасанды интеллект мемлекеттік басқару жүйесінде кеңінен қолданылуда. eGov AI асситенті, AlemGPT платформасы секілді шешімдер мемлекеттік қызметтерді анағұрлым жетілдіре түседі.
Қазақстанда мектептер мен TUMO орталықтарынан бастап, арнаулы AI Research университеттерде жалғасатын үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасып келеді. http://xn--lem-5cd.ai/ халықаралық жасанды интеллект орталығы мамандар мен стартаптар тоғысатын орынға айнала алады. Онда зерттеу жұмыстарынан жаңа өнімді қолданысқа енгізуге дейінгі толық цикл жүзеге асырылады.
Президенттерге көлік-логистика кешенін цифрландыру жұмыстары таныстырылды. Салаға жасанды интеллектіні енгізу үдерістерді жеңілдетуге, кедергілерді азайтуға және өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтуға жол ашады.
Бұған дейін Қазақстан Цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығын құру жөнінде бастама көтергені белгілі. ТМҰ-ға мүше елдер бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Соның нәтижесінде Бангкок қаласында өткен БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 82-сессиясында орталықты Алматы қаласында ашу туралы қарар қабылданды. Қазақстан тарапы өз бастамасын қуаттағаны үшін серіктестеріне алғыс айтты.

Таныстырылым барысында цифрлық үкіметтің дамуы, электрондық мемлекеттік қызметтердің кеңеюі, деректерді өңдеу және талдау жүйелері, сондай-ақ жасанды интеллект негізінде қабылданатын шешімдер сияқты заманауи технологиялық бағыттар көрсетілді. GovTech шешімдері мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға, қағазбастылықты азайтуға және ашықтық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Leave a reply