ДЕПУТАТ САЙЛАУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

0
41

Шымкент қаласында халықпен ашық диалог жалғасуда. Қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Байкен Әшірбаев Еңбекші ауданына қарасты Базарқақпа тұрғын алабында жергілікті халықпен кездесті. Басқосуға «AMANAT» партиясы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мақсат Жолдасбеков қатысты.

Аталмыш жиынның барысында депутат сайлаушыларға халық қалаулысы ретінде атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндап, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді талқылады.

Кездесуде тұрғындар тарапынан жолдардың сапасы мен құрылысы, қоғамдық көлік санын арттыру, сонымен қатар инфрақұрылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе, ауылішілік жолдарды жөндеу және қоғамдық көлік қатынасын жеңілдету мәселелері көпшіліктің ортақ сұрауына айналып отыр.

Өз кезегінде халық қалаулысы Байкен Әшірбаев тұрғындар көтерген барлық ұсыныстардың арнайы хаттамаға енгізілетінін және партиялық бақылауға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар, тиісті мемлекеттік мекемелерге депутаттық сауал жолданып, көтерілген мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.

Мұндай кездесулер халықтың жергілікті басқару ісіне белсенді араласуына жол ашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – әділетті қоғам құрудың басты шарты. Әрбір азаматтың өтініші мен ұсынысы ескеріліп, нақты шешім қабылдануы тиіс» деп атап өткен болатын. Депутаттың бұл кездесуі Президенттің осы қағидатын жүзеге асырудың айқын көрінісі болды.

Жиын соңында тұрғындар көтерілген мәселелерге бейжай қарамай, жедел шешу жолдарын қарастыруға уәде берген халық қалаулысына алғыстарын білдірді.

Leave a reply