ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ІС – ҚОҒАМҒА ҮЛГІ

0
52

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Лазиз Сулайманов пен Қаратау аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Данияр Омаров Тұран тұрғын алабының көпбалалы анасына қолдау көрсетті.

Бұл отбасыда ерекше күтімді қажет ететін бала өсіп келеді. Әлеуметтік жағдайына байланысты тұрғын бұған дейін аудандық партия филиалына жүгініп, үйінің ескі терезелерін ауыстыруға көмек сұраған болатын. Өтініш ескерусіз қалмай, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының араласуымен мәселе талқыланып, шешімін табу жолдары қарастырылды. Қоғамдастық өкілдері мен партия мүшелері бірлесе әрекет етіп, нәтижесінде депутат пен жомарт азаматтардың жеке қаражаты есебінен үйдің терезелері толықтай жаңартылды.

Бұл қайырымдылық іс – халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатының өмірде жүзеге асып жатқан нақты көрінісі. Себебі тұрғындардың өтінішін жергілікті деңгейде дер кезінде жеткізу, мәселені билік пен қоғамның бірлесе шешуі – әлеуметтік әділеттілікті нығайтады. Осындай игі қадамдар арқылы өзін-өзі басқару ұйымдары да өз белсенділігін көрсетіп, тұрғындармен етене жұмыс істеп келеді.

Көмек алған алтын алқа иегері көрсетілген қамқорлыққа ризашылығын білдіріп, партия мүшелеріне, халық қалаулыларына және демеушілерге алғысын айтты. Оның айтуынша, мұндай қолдау тек тұрмыстық қиындықты шешіп қана қоймай, ең бастысы – қоғамда сенім мен үміт отын оятады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында «Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау – мемлекеттің де, қоғамның да басты міндеті. Бұл іске жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары мен белсенді азаматтар белсене қатысуы қажет» деп атап өткен болатын. Осы сөздің айқын дәлелі ретінде, партияның бастамалары елдің түрлі аймақтарында жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

Қайырымдылық – әрбір азаматтың жүрегінен шығатын ізгі ниет. Ал оны ұйымдастырып, қоғамға кеңінен насихаттау – партия мен өзін-өзі басқару ұйымдарының басты мақсаты. Бүгінгі жасалған көмек – ертеңгі сенімді қоғамға қосылған үлес.

Leave a reply