Жастар практикасы — болашаққа бастар жол

0
61

Ел болашағы – білімді де білікті жастардың қолында. Ал сол жастардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына сеп болатын маңызды құралдардың бірі – тәлімгерлік. Қазіргі таңда елімізде жастардың алғашқы еңбек жолына бағыт беру мақсатында «Жастар практикасы» атты мемлекеттік бағдарлама кеңінен жүзеге асуда.

Жастар практикасы – мамандығын енді ғана меңгеріп, еңбек жолын жаңадан бастаған түлектерді нақты жұмыс орнымен таныстыру, кәсіби ортаға бейімдеу мақсатында ұйымдастырылады. Бұл бағдарлама бойынша жұмысқа жолданған әрбір жас маманға тәлімгер тағайындалады. Тәлімгер – жас маманға кәсіби бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісетін, қолдау көрсететін маман.

Осы орайда Кентау қаласындағы «Кентау Трансформатор» АҚ зауытында жастар практикасы аясында еңбек етіп жатқан бірнеше жас маман мен олардың тәлімгерлері өзгелерге үлгі боларлық жұмыс жүргізуде.

Мысалы, аталған зауытқа жастар практикасымен Спирин Дмитрий Иванович қабылданып, экспорт менеджері ретінде еңбек етуде. Ол бұл кәсіптің қыр-сырын Экспорттық топтың сату бөлімінің бастығы – Авдеев Тимур Марсовичтен үйреніп келеді. Тәлімгердің нақты бағыт беруі мен тәжірибелік қолдауы жас маманның кәсіби дамуына жол ашуда.

Сол сияқты, Аленова Балжан Әбілқасымқызы – технолог-инженер мамандығы бойынша оқуын аяқтап, Кентау қалалық Мансап орталығының жолдамасымен осы зауытқа орналасқан. Ол тәжірибелі мамандар – инженер-конструктор Еркімбек Айдос Мұратханұлы мен стандарттау жөніндегі жетекші инженер, бөлімнің бас технологы Исабеков Асқар Серікбайұлының басшылығымен жұмыс істеп келеді. Балжан сызбаларды жасау, трансформатор бөлшектерін «Excel» бағдарламасында жобалау сияқты нақты өндірістік дағдыларды меңгеріп жатыр.

Жастар практикасы – болашаққа жол

«Жастар практикасы» бағдарламасына 29 жасқа дейінгі, мамандығы бойынша 3 жылдан аспайтын мерзімде оқуын аяқтаған, бірақ әлі жұмыс тәжірибесі жоқ жастар қатыса алады.
Бағдарлама аясында жастар 6 айға дейінгі мерзімге жұмысқа орналастырылады, бұл кезеңде олардың жалақысы мемлекет есебінен төленеді. Осылайша жастар нағыз өндіріс орнында білімін шыңдап, өз кәсібіне деген сенімін арттырады.

Бағдарлама жас маман үшін – алғашқы тәжірибе мен еңбек дағдыларын жинау алаңы болса, жұмыс беруші үшін – болашақ маманын қалыптастыратын мүмкіндік.

Тәлімгер – тек үйретуші емес, бағыттаушы

Тәлімгер – кәсіби ғана емес, адами қолдау көрсететін тұлға. Ол жас маманға сенім ұялатып, еңбекке ынтасын арттырады. Шәкіртіне бағыт-бағдар беріп, оны үлкен ортаға алып шығатын жан. Әрбір жетістік пен кәсіби өсу жолының артында осындай жандардың еңбегі мен ықпалы жатыр.

Кентауда жүзеге асып жатқан бұл тәжірибе – тәлімгерлік институтының өзекті әрі пайдалы бағыт екенін көрсетеді. Жас маман мен тәжірибелі маманның үйлесімді еңбегі – ел дамуының кепілі.

Leave a reply