Ұстаздық жолдың өнегесі – адалдық пен еңбектің белгісі

0
35

Қожбанова Нұржамал Исмайлқызы – бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған ұлағатты ұстаз. 1966 жылы Өзбекстанның Жыззақ облысы, Фарыш ауданында дүниеге келген ол бүгінде 41 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог, Шымкент қаласындағы №89 ІТ мектеп-лицейінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «Адал азамат» тұжырымдамасының өзегінде елге жанашырлықпен қызмет ету, кәсібіне адалдық таныту қағидалары жатыр. Нұржамал Исмайлқызы осы ұстанымды өмірлік кредосына айналдырып, әр шәкіртінің бойына адалдық пен еңбектің құндылығын сіңіруге бар күшін жұмсап келеді.

Ұстаздың еңбегі мемлекет тарапынан да, түрлі қоғамдық ұйымдар тарапынан да жоғары бағаланған. Ол «Білім беру ісінің үздігі», «Халық құрметі», «Ахмет Байтұрсынов», «Ұлағатты ұстаз», «Ыбырай Алтынсарин», «Қазақстан патриоты» сияқты беделді төсбелгілердің иегері. Бұл марапаттар – бір ғана адамның емес, ел игілігіне қызмет етіп жүрген адал еңбектің жемісі.

Нұржамал Исмайлқызы шәкірт тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртып қана қоймай, оны жас буынның бойына терең сіңіруде үлкен еңбек етіп келеді. Ол жас ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке, ізгілікке баулуды өзінің басты мұраты санайды. Әрбір сабағында халықтық дәстүрлерді, рухани қазынаны дәріптеп, білім мен тәрбиені ұштастыра біледі.

Ұстаздың жетекшілігімен оқушылар тек түрлі қалалық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып қана қоймай, өнер мен ғылымға деген қызығушылықтарын арттырып, өз қабілеттерін жан-жақты дамытып жүр. Оның тәрбиесін көрген шәкірттер қоғамдық өмірге белсене араласып, болашақта еліне қызмет етуді мақсат етеді.

Көп жылғы адал еңбегі үшін ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Шымкент қалалық мәслихатының, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың алғыс хаттары мен құрмет грамоталарына ие болды. Бұл марапаттардың әрқайсысы оның кәсіби шеберлігінің, табандылығының, ұрпақ болашағына деген адалдығының айқын дәлелі.

Қожбанова Нұржамал Исмайлқызы – шын мәнінде, «адал еңбегімен абырой тапқан азаматтың» жарқын үлгісі. Оның өнегелі жолы жас мамандарға үлгі, ұрпаққа тағылым болары сөзсіз.

Leave a reply