Кентаудың жасыл келбетін қалыптастырып жүрген еңбек адамы

Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің “Жасыл қала” коммуналдық мемлекеттік мекемесі» – шаһардың көркін келтіріп, аулалар мен көшелердің тазалығы мен тәртібін қамтамасыз етіп отырған маңызды мекеме. Қаладағы саябақтар мен аллеяларды абаттандыру, гүлзарлар мен скверлерді күтіп-баптау, жасыл аймақтарды көбейту, көшелерді көгалдандыру, тал отырғызу, суару және жарықтандыру жұмыстарын ұйымдастыру – мекеме қызметкерлерінің күнделікті атқарып жүрген міндеті. Қала көшелерінің жинақы, саябақтарының жайқалған күйде болуы – осы салада тер төгіп жүрген еңбек адамдарының еңбегінің нәтижесі.
Осындай маңдай тер еңбегімен қала келбетіне үлес қосып жүрген жандардың бірі – Сабдинов Дүйсенәлі Камалұлы. Ол – Кентау қаласы, Байылдыр ауылының тумасы. Өзінің туған өлкесін көркейтуге атсалысу – оның үлкен мақтанышы. Соңғы екі жылда “Жасыл қала” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жұмысшы ретінде қызмет атқарып, жасыл желекті көбейту ісіне белсене араласып келеді.

Дүйсенәлі Камалұлы қазір шаһарда жүргізіліп жатқан тал егу жұмыстарына қатысуда. Бұл – үлкен дайындықты, ұқыптылықты қажет ететін маңызды науқан. Тал отырғызбас бұрын жерді күл-қоқыстан тазалау, топырақты қопсыту, ойықтар әзірлеу – жас көшеттердің түптеніп, бой алып кетуіне тікелей әсер ететін жұмыстар. Осы дайындықтың әрқайсысы сапалы әрі жүйелі орындалуы үшін еңбеккерлердің жауапкершілігі зор. Дүйсенәлі мырза өзінің қарапайым, бірақ аса қажетті жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайды.
Еңбек адамының бір күндік бейнесі – қала тіршілігінің айнасы. Көпшіліктің көзіне көрінбейтін осы жұмыстарсыз қаланың көркеюі мүмкін емес. Таза көшелер, көгалданған аумақтар, тыныстауға жайлы демалыс орындары – барлығы осы жандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Сабдинов Дүйсенәлі Камалұлы – отбасының тірегі. Отбасылы, төрт баланың әкесі, немересі бар ардақты азамат. Еңбегін адал атқарып, отбасына да қамқор болып жүрген оның өмірлік ұстанымы – адалдық пен жауапкершілік. «Өз қолымызбен еккен талдар ертеңгі ұрпаққа сая болсын» деген ниетпен еңбек етіп жүрген ол – бүгінгі еңбек адамының жарқын үлгісі.
Қаланың әрбір түкпірінде егілген жас көшеттер, тазаланған аумақтар – осындай қарапайым, бірақ абыройлы еңбектің көрінісі. Дүйсенәлі Камалұлы сияқты жанкешті жұмысшылардың арқасында Кентау қаласы күн сайын жасарып, тұрғындарға жайлы орта қалыптасып келеді. Олардың еңбегі – қаланың болашағына қосылған зор үлес, жас ұрпаққа қалатын табиғи мұра.

Еңбек адамын қадірлеу – еңбектің құнын бағалау. Дүйсенәлі Камалұлының қаланы көркейту жолындағы еселі еңбегі – құрметке әбден лайық.











